17 сәу, 2025 сағат 16:00

Қазақстанда жаңа туған нәрестелерге арналған алғашқы емшек сүтінің банкі ашылды

Фото: ҚР Денсаумин

Алматының Перинатология және балалар кардиохирургиясы орталығында еліміздегі алғашқы емшек сүтінің жеке банкі іске қосылды, деп хабарлайды Ult.kz.

Бұл ерекше әлеуметтік жоба ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің бастамасымен және AYALA қайырымдылық қорының қолдауымен жүзеге асырылуда. Оның негізгі мақсаты – табиғи тамақтануды тікелей анасынан ала алмайтын шала туған және ерекше күтімді қажет ететін нәрестелердің өмірін сақтап қалуға бағытталған.

Емшек сүтінің жеке банкі жаңа туған нәрестелерді қарқынды терапия кезінде қолдау үшін таптырмас ресурс болмақ. Бұл әсіресе қиын босанғаннан кейін анасынан бөлінуге мәжбүр болған сәбилер үшін өте маңызды.

Банктің артықшылықтары:

  • Нәрестелерді құнды табиғи тамақпен қамтамасыз ету.

  • Лактацияны сақтау және аналардағы стресті азайту.

  • Баламен байланыс орнатуға ықпал ету.

Емшек сүті арнайы стерилді ыдыстарда сауын мейіргерлерінің бақылауымен алынады. Одан кейін сүт төмен температурада мұздатылып немесе салқындатылып сақталады. Бұл процесс барлық санитариялық-гигиеналық талаптарға сай жүргізіледі.

Денсаулық сақтау министрлігі алдағы уақытта осындай банктерді еліміздің барлық 3-деңгейлі перинаталдық орталықтарында ашуды жоспарлап отыр.

Бұл бастама Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының «Саламатты өмірдің басталуы – берекелі болашақтың кепілі» ұранымен өткізілетін іс-шаралар шеңберінде жүзеге асырылып отыр. Емшек сүті жаңа туған нәрестелер үшін ең оңтайлы қоректену көзі болып саналады және оның бірегей құрамы баланың иммунитетін нығайтып, денсаулығын ұзақ мерзімге сақтауға көмектеседі.