15 қаң, 2025 сағат 16:05

Қазақстанда жемқорлардың тізімі пайда болады

Фото: ашық дереккөз

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Ұлан Сарқұлов елде сыбайлас жемқорлардың арнайы тізілімі жасалатынын айтты, деп хабарлайды Ult.kz.

Мәжілісте "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасы қарастырылуда.

Аталған заң жобасы аясында Қазақстанда сыбайлас жемқорлық деректерінің ашық тізілімін енгізу жоспарланып отыр.

"Бұл – профилактикалық құрал. Оның басты мақсаты – қоғам алдында айыптау арқылы ел арасында сыбайлас жемқорлыққа төзбеу қасиетін қалыптастыру. Тізілімге ауыр және аса ауыр сыбайлас жемқорлық қылмыстар жасағаны үшін сотталғандар туралы мәліметтер енгізіледі. Заңды күшіне енген айыптау үкімі адамдарды тізілімге енгізу үшін негіз болады", – деп түсіндірді Сарқұлов отырыс барысында.


Хабарланғандай, тізілімнен шығару заңды күшіне енген ақтау үкімі мен соттылықты өтеу негізінде мүмкін болады.