29 қыр, 2022 сағат 15:17

Қазақстандық әнші есірткіге мас күйде көлік жүргізгені үшін сотталды


Музыкалық топтың солисі есірткіге масайып көлік жүргізгені үшін бас бостандығынан айырылды, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Polisia.kz порталына сілтеме жасап.

Алматы қаласы Полиция департаментінің Анықтау басқармасымен көлік жүргізу куәлігінен айырыла тұра, көлікті мас күйінде басқарғаны үшін ұсталған Әліби Мұратқа қатысты ҚР ҚК-нің 346-бабы 1-бөлігімен қозғалған қылмыстық істі тергеу аяқталды.

"Тергеу барысында былтыр қыркүйекте Ә.Мұрат есімді ер адам мас күйінде көлік жүргізген кезінде ұсталғаны анықталды. Сол кезде сот шешімімен 7 жыл мерзімге көлік құралдарын басқару құқығынан айырылып, 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынды. Алайда өзіне тиісті қорытынды жасамай, биыл 6 тамызда Әліби Мұрат есімді ер адам тағы да мас күйінде көлік тізгініне отырған. Медициналық тексеру кезінде оның есірткіге мас екені анықталды. Сол күні Мұраттың үстінен қылмыстық іс қозғалды және қамауға алынды", – деді Алматы қалалық ПД Анықтау басқармасының бастығы Олжас Шәріпов.

28 қыркүйекте Бостандық сотының үкімімен Әліби Мұрат ҚР ҚК-нің 346-бабы 1-бөлігінде көзделген қылмыстық құқық бұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танылып, оған өмір бойына көлік жүргізу құқығынан айыру және 1 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Ол жазасын ең төменгі қауіпсіздіктегі бас бостандығынан айыру орындарында өтейтін болады.

"Естеріңізге сала кетейін, жыл басынан бері анықтаушылар аяқтаған қылмыстық істер бойынша, сот үкімдерімен 95 адам көлік құралын басқару құқығынан өмір бойына айырылған. Осы ретте, Алматы қалалық ПД, азаматтарды заң бұзбауға шақырып, мұндай құқықтан айырыла тұра, көлік құралын мас күйінде жүргізу қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғатынын тағы да ескертеді", – деді Шәріпов.