29 ақп, 2024 сағат 16:10

Қазақстандық әртістердің жаңа толқыны - Plecto



Күн сайын әлеуметтік медиа танымалдылық пен танылуға ұмтылатын жас өнерпаздар үшін маңызды арнаға айналуда. Осындай платформалардың бірі - TikTok, онда виртуалды жұлдыздар өздерінің таланты мен осы әлеуметтік желінің мүмкіндіктерін пайдалану қабілетінің арқасында күтпеген жерден жарқырап шығуы мүмкін, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Қазір TikTok-та танымал болып келе жатқан осындай әртістердің бірі - Plecto. Ол ерекше стилімен көпшіліктің назарын өзіне аударды. Plecto-ның шын есімі - Санжар, ол 20 жаста. Дәл қазіргі сәтте әнші M'Dee құрған 3k әртістерге арналған музыканы таратумен айналысатын сервиспен келісімшартқа отырған.

Музыкаға қалай келгені жайлы

- Санжар, өнер жолыңыз қалай басталды?

- Жалпы, бала кезімнен ән айтатынмын, бірақ тойларда, мектептерде ән шырқа деп мәжбүрлегендіктен, өлең айтуды қойып кеткенмін. Біреу қинағанды бала кезінен ұнатпаймын, бірақ өлең менен ешқайда кетпепті.  9-сыныптан кейін мен музыкамен айналысқым келеді деп шештім. Қолымда ескі ноутбукпен құны он мың теңге тұратын микрофон ғана болды, осылай карантин бойы үйде отырдым. Уақыт өте келе мен осы күнге дейін жұмыс істеп келе жатқан музыканттарымен, битмейкерлерімен және әртістерімен таныстым.

- Музыканың қандай жанрларын орындағанды ұнатасыз?

- ⁠R&B, soul, indie pop. Жалпы, мен әртүрлі жанрларда ән жазып жүрмін.

- Өзіңіздің шығармашылық процесіңізді қалай бағалайсыз және ол уақыт өте келе қалай өзгереді?

- ⁠Өз басым ешқашан үлкен, қымбат студияларға барып көрмеппін. Мен барлық әндерімді өз бөлмемде үйде жазамын, маған солай ыңғайлырақ. Менің ойымша, мен үшін де, басқа да жаңа әртістер үшін де, ең болмағанда, студияға барар алдында үйде ән жазу өте маңызды. Уақыт өте келе бір-ақ зат өзгерді, бір жыл бұрын біз достарымызбен (әртістер/музыканттар) жиналып, шағын студиямызды аштық. Барлығы жиналатын және жұмыс істейтін, идеялармен бөлісетін, бір-бірімізге көмектесетін орынымыз бар. Біздің шығармашылық бірлестігіміз - "Bando" деп аталады.

- Сіздің әндеріңіз TikTok-та танымалдылыққа ие, "У", "Не моя", "Дом твой" әндеріңізге 700-ден астам бейнежазба түсірді, сіз өзіңізді танымалмын деп санайсыз ба?

- Жоқ, өзімді танымалмын деп есептемеймін. Бірақ, адамдардың кері байланысы, менің әндерімді қолданғаны, тыңдағаны мен үшін үлкен жетістік.

- Мен сіздің "У" әніңізге M'Dee, Dequine, Rusha 104-тің реакциясы бар бейнені көрдім. Әртістерге әніңіз ұнады, ал сізде қандай реакция болды? 

- Мен әнімді тыңдалымға жібердім, олардың реакциясы қандай болады екен деп ойладым. Шынымды айтсам, оларға әнімнің ұнайтынын күткен жоқпын.


3k by «Закрытый клуб»-пен келісімшарт жайлы

- 3k отырған келісім шартыңыз жайлы айта аласызба? 

- Менің әнімді тыңдағаннан соң,  мен M’Dee-ге жаздым, ол мені 3k-ге шақырды. Біз әлі күнге дейін бірге жұмыс жасаймыз. Маған әндерімді таратумен көмектеседі.

- Осы келісімшартпен қандай да бір перспективалар ашыла ма?

- Жаңадан ән жазуды бастаған әртістер үшін көптеген перспективалар бар. Яғни, плейлисттерге кіру мүмкіндігі, питчинг, сонымен қатар басқа әріптестермен байланыс орнату.

- Музыкалық мансапта болашаққа қандай жоспарларыңыз бар?

- Мен көптеген жобаларым, шығарылымдарым бар. Қазақ тілінде әндер жазып, қазақ тілді музыканы дамытқым келеді. Көптеген жоспарлар мен амбицияларым да бар. Бұндай талпыныс менде ғана емес, жігіттерде де бар. Сондай-ақ, адамдарға музыканы жасау және насихаттау үшін көп ақшаның немесе үлкен студияға ие болудың қажеті жоқ екенін дәлелдегім келеді. Қазір өзіңізді әр қырынан көрсетуге көптеген мүмкіндіктер бар, ең бастысы талпыныс пен мақсат.

Авторы: Калмухаметова Арайлым