Фото: Polisia.kz
ШҚО полицейлері қазақстандықтарды 80 миллион теңгеге сан соқтырған интернет-алаяқтар тобын құрықтады, – деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Polisia.kz порталына сілтеме жасап.
ШҚО ПД криминалдық полиция “Киберпол” қызметкерлері интернет-алаяқтық фактілері бойынша көпэпизодты қылмыстық істі ашты.
Бұған дейін Өскемен қаласы ПБ Үлбі полиция бөліміне облыс орталығының тұрғыны өтінішпен жүгінген. Ол белгісіз адам оған қоңырау шалып, өзін банк қызметкері ретінде таныстырғанын айтқан. Сұхбаттасушы оның атына ақшалай несие ресімделгенін ескертіп, өз көмегін ұсынған. Банктің жалған қызметкері сенгіш жәбірленушінің сауалнамалық деректерін алып, оған 1 миллион теңге көлемінде несие ресімдеген.
"Жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында полиция қызметкерлері үш күдіктінің жеке басын анықтады. Тәртіп сақшылары олардың үйлеріндегі заттай дәлелдемелерді тәркіледі.
50-ден астам жәбірленуші интернет-алаяқтар тобының құрбанына айналған, ал залал сомасы шамамен 80 миллион теңгені құрайды" - делінген хабарламада.
Жас адамдар жұмысты танымал мессенджер арқылы тапқаны анықталды. Олардың рөлі қылмыстық жолмен алынған бөтен адамдардың ақшасын банкоматтар арқылы заңсыз қолма-қол ақшаға айналдыру болған. Кейін олар мәміленің белгілі бір пайызын алып, ақшаны криптовалютаға аударып отырған.
"Полиция департаменті ҚР ҚК-нің 190-бабы 2-бөлігі (Алаяқтық) бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады, қазіргі уақытта қажетті тергеу және жедел-іздестіру іс-шаралары жүргізіліп жатыр. Тиісті сот сараптамалары тағайындалды" - дейді ШҚО ПД баспасөз қызметі өкілдері.