19 мау, 2023 сағат 13:10

Қазақстанның емес, шет елдердің тұқым шаруашылығын белсенді дамытып отырмыз – депутат

сурет ашық дереккөзден алынды

Қазақстан көкөніс дақылдарының тұқымы мен жеміс көшеттерін шет елдерден импорттауға мәжбүр. Осыған байланысты Мәжіліс депутаттары Үкіметтің назарын отандық тұқым шаруашылығын дамыту мәселесіне аударды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Депутат, аграрлық мәселелер комитетінің төрағасы Серік Егізбаевтың айтуынша, Қазақстан көкөніс дақылдарының тұқымы бойынша импортқа 95%-ға, ал жеміс көшеттері бойынша 80%-ға тәуелді.

"Импорттаушы елдер географиясы – Еуропа мемлекетттері, Австралия, Жаңа Зеландия, Ресей, Үндістан, Иран, Түркия, Өзбекстан, Қырғызстан және тіпті Украина, ол бүкіл қиындыққа қарамастан ауыл шаруашылығын барлық бағыт бойынша барынша серпінді дамытып отыр. Былтыр шет елдерден барлық ауыл шаруашылығы дақылы бойынша тұқымдар 130 млн долларға немесе 58 млрд теңгеге, ал жеміс-жидек көшеттері 5,5 млн долларға немесе 2,5 млрд теңгеге әкелінді. Басқа сөзбен айтқанда, шет мемлекеттердің тұқым шаруашылығына белсенді қолдау көрсетіп, дамытып отырмыз", - дейді Егізбаев Мәжілістегі Үкімет сағатында.

Депутат былтыр Президент Үкіметке тәжірибелік шаруашылықтар негізінде алғашқы тұқым шаруашылығын дамыту жөнінде шаралар қабылдауды, сондай-ақ бизнеске жабдықтарды жаңарту мен агроғылымды кешенді ынталандыру тұрғысынан көмек көрсетуді тапсырғанын еске салды.

"Алайда Ауыл шаруашылығы министрлігі әлі күнге дейін тұқым өндіруге емес, оны импорттауға субсидия беру көзделген бұйрығын қайта қараған да жоқ. Ал, бұған не айтуға болады?!", - деп ашуланды мәжілісмен

Депутаттар Үкіметке отандық тұқым шаруашылығын дамыту мәселесін қарауды және қажет шараларды қабылдауды ұсынды.

Сондай-ақ ол аграрлық ғылымның жай-күйіне де тоқталды.

"Осы салада сәтсіз эксперименттер легі бітер емес, соның салдарынан ғылыми кадрларды, жылдар бойы жинақталған ғылыми тәжірибені жоғалтып жатырмыз. Отандық аграрлық ғылымды қаржыландыру мен қолдау жүйесінің мәні қалмады. Үкіметке бұл жерде де ахуалды түзету үшін шұғыл шаралар қабылдау қажет", - дейді комитет төрағасы.

Қазақстан тыңайтқыштар мен өсімдіктерді қорғау құралдары бойынша да импортқа тәуелді.

Былтыр импорт 38,5 млрд теңгені немесе жалпы тұтыну көлемінің шамамен 54%-ын құрады. Негізінен Ресей (86%) мен Өзбекстаннан (10%) тасымалданады.

"Бұл калий, фосфор және азот кен орындарының жеткілікті қорларының жеткілікті мөлшері бола тұра орын алып отырған жағдай", - деді Егізбаев.