31 шіл, 2019 сағат 10:03

Қазақстанның Ресейдегі жаңа сауда өкілі тағайындалды

Үкімет қаулысымен Нұрлан Борамбаев Қазақстанның Ресейдегі жаңа сауда өкілі қызметіне тағайындалды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат". 

Нұрлан Борамбаев 1971 жылы Целиноград қаласында туған. 1993 жылы С.Сейфуллин атындағы Ақмола педагогикалық университетін, 1995 жылы Ақмола қаржы-экономикалық техникумын тәмамдады. 2007 жылы Т.Рысқұлов атындағы қазақ экономикалық университетін бітірген.

Еңбек жолын мемлекеттік қаржылық бақылау органдарында бастады. Түрлі министрлік, ведомство мен коммерциялық ұйымдарда қызмет етті.

2006 жылдан бастап президент іс басқармасында жұмыс істеді. Бөлім меңгерушісінің орынбасары, бөлім меңгерушісі болды.

2010 жылдың маусымы мен 2012 жылдар аралығында "ҚР президенті телерадио кешені" АҚ бас директорының орынбасары қызметін атқарды.

2019 жылдың қаңтар айынан бастап "Материалдық-техникалық қамтамасыз ету басқармасы" ММ жетекшісінің орынбасары.