04 мам, 2022 сағат 12:54

ҚазМұнайГаз бен AirAstana-ны IPO-ға шығару шешімі жазда қабылданады


«ҚазМұнайГаз» бен AirAstana компанияларын жекешелендіруге қатысты шешім биыл жазда қабылданбақ. Бұл туралы «Самұрық- Қазына» әл-ауқат ұлттық қорының басқарма төрағасы Алмасадам Сәтқалиев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Биыл 2 ақпанда Үкімет стратегиялық активтер капиталындағы бақылау үлестерін міндетті түрде сақтау жөніндегі талаппен жекешелендірудің жаңартылған тізімін қалыптастыру жөніндегі негізгі өлшемдерді бекітті. Қазір біз Үкіметпен осы жаңа критерийлер негізінде жекешелендірудің кешенді жоспарына өзгерістер енгізуді пысықтап жатырмыз. Аталған критерийлер бәсекелестік ортада даму перспективасы бар компаниялардың қызметіне қатысты. Біз бұл компанияларды сату, қайта құру немесе тарату арқылы оларды бәсекелестік ортаға беруге дайынбыз», – деді Алмасадам Сәтқалиев Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында. 

Қор басшысының айтуынша, компанияларды IPO-ға шығару оңай шаруа емес. 

«Құбылмалылық тренді бүгінде барлық қаржы нарығында жүріп жатыр. Осы орайда халықаралық инвесторлардың біздің өңірге деген қызығушылығының белгілі бір деңгейде төмендеуі байқалады. Өз кезегімізде отандық компанияларды көпшілік алдына сатуға шығару үлкен әлеуетке ие деп санаймыз. Бұл орайда «ҚазМұнайГаз» және AirAstana компанияларының дайындық деңгейі өте жоғары. IPO-ға шығаруға қатысты соңғы шешім жазда қабылданады», - дейді ол. 

Сондай-ақ, Алмасадам Сәтқалиев компанияларды жекешелендіруде геосаяси факторлардың да ескерілетінін айтты. 

Еске сала кетсек, биыл қаңтарда Үкімет басшысы Әлихан Смайылов «ҚазМұнайГаз», AirAstana мен «ҚазақГаз» IPO-ға шығарылатыны туралы хабарлаған еді.