Фото: freepik
Батыс Қазақстан облысында мамандар 308 киіктің өлексесін тапқан, олар өзеннен өте алмай қырылып қалыпты. Белгілі болғанындай, суға тұншығып арам қатқанның бәрі биылғы төл екен. Киік қырғыны Ресеймен шекаралас Қазталов ауданындағы Сарыөзен су айдынында болған. Мамандардың мәліметінше, бұл жер ақбөкендердің жортатын жолы екен. Лай су мен биік жардан өту үлкен киіктерге қиын болмағанымен, құралайлар өзеннен өте алмай суда қалған. Осы орайда Ult.kz тілшісі киіктің киесі туралы анықтап көрді.
Айта кетейік, Батыс Қазақстан облысында арам қатқан жануарлар қазір арнайы орынға жеткізіліп, жойылып жатыр.
«Киік бір жерден өтпейді, мысалы, судан өту үшін Жәнібек ауданының Таловка ауылына, Қазталов ауданындағы Қошанкөл ауылына дейін барады, одан да асып кетеді. Яғни сондықтан кезекшілік қоюға мүмкіндік жоқ», – дейді БҚО Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесін қорғау аумағының инспекция басшысы Нұрлан Рахымжанов.
Естеріңізде болса, өткен аптада ғана Қазақстан Парламентінде осы мәселе талқыланған болатын. Депутаттар бөкенді аулап, санын реттеп отыру қажеттігін көтерді. Себебі қаптаған киіктер егістікті апырып-жапырып жеп, таптап кетіп жатқан жағдайлар тіркелген көрінеді. Мәселен, 2003 жылы Қазақстанда 21 мың ақбөкен бар делінсе, 2022 жылы 1 миллион 318 мың болса, қазір төрт миллионға жетті деген дерек бар.
Бұған дейін киік санының өсуіне байланысты Экология, геология, табиғи ресурстар министрі болған Серікқали Брекешов атуға рұқсат бергені үшін Президенттен сөгіс алған болатын. Себебі Батыс Қазақстанда киік аулаушылар тазалықты сақтамай, далада өлексе қаптап кеткен, экологтер алаңдаушылық білдірген. Ал былтыр Президент Қостанайға сапары кезінде «қазақ даласының символына айналған киікті» аулауға тыйым салынатынын мәлімдеген еді.
Дегенмен ақбөкен санының көбеюі оның етінен, терісінен, мүйізінен пайда көргісі келетін кәсіпкерлердің белсенділігін арттырған сыңайлы. Мүйізінен пантокрин жасалады, әрине, ол қомақты ақша. Заңсыз аулаушылардың ынтасын арттыратын да сол мүйізі.
Киік – қазақ халқы үшін киелі жануарлардың бірі. «Киіктің киесі» деген ұғым халқымыздың табиғатқа, жан-жануарға деген терең құрметін, сенімін білдіреді. Бұл ұғымның бірнеше мағыналық астары бар. Қазақ халқы киікті ерекше қасиетті жануар санаған. Киікті ренжітуге, бекер атуға болмайды деп есептеген. Киікке қастық жасаған адам киесі ұрады, яғни басына бәле келеді, жолы болмайды деген сенім болған. Бұл – экологиялық сананың, табиғатты қорғаудың ұлттық дүниетанымдағы көрінісі.
Киіктің киесің туралы мифологиялық түсініктер де бар. Онда кейде киік «аңыз жануар», «жаратылыстың елшісі» ретінде бейнеленеді. Оның еркіндікті, пәктікті, сұлулықты білдіретіні туралы мифтер, жырлар көп. Мысалы, қазақ жырларында киік көбіне аңшының ар-ұжданына айналады. Мұқағали Мақатаевтың «Аққу, киік, адамдар» поэмасы арқылы киіктің киесі туралы терең философиялық, адамгершілік мазмұндар ашылған. Ол поэмада адамдардың табиғатқа жасаған зұлымдығы үшін жауапкершілігі айтылып, киелі жануарларды қорғау идеясы көтерілген.
Киіктің киесі – табиғатты қорғауға үндейтін, рухани тазалықты дәріптейтін, адам мен табиғаттың үйлесімін сақтауға бағытталған терең ұғым. Ол тек жануарға қатысты емес, жалпы адам баласының табиғатпен қарым-қатынасындағы әдебін, жауапкершілігін бейнелейді.
Сонымен қатар киікті сұлулықтың символы ретінде де бейнелейді. Киік өте сымбатты, жылдам әрі сезімтал жануар. Ол – еркіндіктің, нәзіктіктің символы. Сондықтан қазақ әдебиетінде, жырларында киік сұлу қыз бейнесімен салыстырылады. Мысалы, Халық арасында тараған «Киіктің асығындай» немесе «Киік көзді қыз» деген теңеулер осыдан шыққан.
Айтпағымыз, осындай киелі киікті қорғаймыз деп қорлап жатқан жоқпыз ба? Кім біледі...
Ақбота Мұсабекқызы