23 мам, 2022 сағат 18:55

Қосшыда 3 жасар бала терезеден құлап кетті


Ақмола облысында 3 жасар бала терезеден құлап кетті, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Оқиға Целиноград ауданының Қосшы қаласында болған. 21 мамырда Нұр-сұлтан қаласы балалар ауруханасының нейрохирургия бөлімшесіне 2019 жылы туған Қосшы қаласының тұрғыны жатқызылды.

Тексеру барысында осы жылдың 21 мамырында сағат 16:00 шамасында 3 жасар баланың абайсызда төртінші қабаттан құлап кеткені анықталды.

Бұл кезде баланың анасы үйдің жанындағы азық-түлік дүкенінде болған.

"Одан әрі тексеру барысында оқиғаның себептері мен мән-жайлары анықталмақ. Тексеру қорытындысы бойынша негіздемелер болған жағдайда ден қою шаралары қабылданатын болады. Отбасы алдын алу жүйесі органдарында есепте тұрмайды. Бұл отбасында екі бала тәрбиеленіп жатыр" - делінген портал мәліметінде.

– Құрметті ата-аналар, сізден жас балалардың қауіпсіздігі туралы кезекті рет қамқорлық жасауды, балаларды терезелері ашық бөлмелерде жалғыз қалдыру жағдайларын болдырмауды, терезе жақтауларына олардың өз бетінше ашылу мүмкіндігін болдырмайтын бұғаттау құрылғыларын орнатуды, балалардың терезе алды тақтайларында бақылаусыз болу мүмкіндігін болдырмауды, балалармен түсіндіру әңгімелерін жүргізуді сұраймыз, – дейді полицейлер.