08 там, 2016 сағат 07:35

Қуат ЕРҒАЛИҰЛЫ: Хауариж – ең алғашқы адасқан ағым

Бұл сұхбатта ислам тарихындағы мутазилит, хауариждер секілді алғашқы теріс ағымдардың пайда болуы, олардың таралу кеңістігі, таным-түсініктері мен адасушылықтарының басты көріністері турасында «Әзірет Сұлтан» мешітінің наиб имамы Қуат Ерғалиұлы баяндайды.

– Алғашқыда жаңа дінге қарсы болған арабтар кейінірек исламды топ-тобымен қабылдап жатты. Жалпы ислам қандай қағидаттармен таралды?

– Шындық пен ақиқатқа негізделген ислам дінін алғашында араб қоғамы мен көшпелі бәдәуилердің қабылдауы қиын болды. Бұл өз кезегінде ру, тайпа шонжарларына тиімді болмады. Сонымен қатар, ислам дінінің әлеуметтік тірегі болмады. Бұған қоса меккеліктер үшін политеизмнің сақталуы пайдалырақ еді. Адамгершілікті, шынайылықты, төзімділік пен барға қанағат етуді кеңінен насихаттайтын асыл дініміз кең етек жайылуы сыншы уақыт еншісінде болды.

Ислам дінінің негізгі қос ұстанымы – Құран кітап пен пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с) өнегелі іс-амалдары. Сол арқылы жергілікті халық пұттарға табыну қателік екенін түсінді. Алла елшісі (с.ғ.с) тайпалық көп құдайдың орнына тек бір Аллаға сыйыну керектігін ұқтырды. Уақыт өте келе арабтар  арасында кең қолдау тауып, ақиқат дінді жаппай қабылдау басталды. Ислам дінінің 622 жылы мұсылмандар Меккеден Мединеге көшіп келгеннен кейін таралуы қарқынды күш алды. Мекке мен Медине қалалары ислам дінінің бүкіл мұсылман әлемнің қасиеті мекеніне айналды.

Кейіннен ислам діні ортағасырлық араб халқын ұйыстыруда, жаңа саяси құрылым халифаттың орнығуында, біртұтас ел қалыптастыруда, әлемде «мұсылман үмбеті» деп аталатын жаңа қауымның түзілуінде маңызды факторға айналды. 

VII ғасырда ислам дінінің аумағы Араб түбегін қоса алғанда Солтүстік Африка, Пиреней түбегі, Иран, Ауғанстан, Кавказ аумағы, Орталық Азия мен Үндістанның солтүстігіне дейін жетті.

– Мутазилиттер ағымы қашан және ненің негізінде пайда болды?

– «Муғтазилә» – араб тілінде «оқшауланған», «бөлінген», «бөлініп шыққан» және «жырақтанған» деген мағыналарды береді. Бұл ағымның негізі Әмәуилер халифаты тұсында қаланғанымен, Аббасилер халифаты тұсында саяси биліктің көмегімен қанатын кең жаяды және өз пікірлерін басқаларға мәжбүрлеп таңуда күш қолданады.  

Муғтазиттердің шығу тарихына қатысты ортақ пікір жоқ. Ғалымдар түрлі ұстанымда. Кейбір ғалымдардың мұғтазилиттер туралы тұжырымдары төмендегідей:  Олар Хасан мен Муғауияның жақтастарына қосылмай, бөлініп, мешіттен шықпай құлшылық ететін, діни мәселелерді зерттеумен айналысатын топқа айналады. Айталық, Уасил ибн Ата атты ғалым атақты табиғин Хасан әл-Басримен «Үлкен күнә жасаушы адам мұсылман ба, кәпір ме?» деген мәселеде келісе алмай, дәрісіне қатысудан бас тартады. Өз алдына жеке дәріс ұйымдастырып, «муғтазилә» атанған. Сондықтан да болар муғтазила ағымының негізін Уасил ибн Ата қалаған деп есептеледі. Алайда ғалым Рамадан әл-Бути «муғтазиләның негізі тағдырды теріске шығарған Мағбат әл-Жуһаниден басталады» дейді.

Аталған ағымның «муғтазилә» атануы туралы тағы басқа да пікірлер бар. Батыс шығыстанушыларының айтуынша, олар бұл дүниенің қызығын тәрк етіп, бар өмірін ғылымға арнаған адамдар. Сондықтан  «муғтазилә» атанған. Алайда бұл тұжырымды мұсылман ғалымдары теріске шығарады. Себебі, олардың арасында тек тақуа, тәркі дүниелікпен айналысқандар ғана емес, бұзақы, күнәһарлар да көп болған.

– Ал, такфиризмнің тарихы қандай? Алғашқы мұсылмандар намаз оқымаған өз руластарын күпірлікпен айыптады ма?

– Жалпы «такфир» немесе «һижра жамағаты» деген (өздерін «мұсылман жамағаты» деп атаушылар) ағым – исламдағы шектен шыққан топ. Бұл ағым сенімдерінің негізі хауариж ағымының такфир ұғымынан құрылады.

Хауариж – ислам тарихында ең алғаш пайда болған кереғар ағым. Бұл ағымның мүшелері ІІІ Халифа Осман бин Аффанды және ІҮ халифа Әли ибн Әбу Талибті қастандықпен өлтірген. Осман және Әли – ұлық сахабалар, ислам дініне көп еңбек сіңірген тұлғалар. Хауариждер Алла елшісі (с.ғ.с) сахабаларының ғана емес, мыңдаған бейкүнә мұсылмандардың да қанын төккен.

Ағым өткен ғасырдың алпысыншы жылдары Мысыр елінің түрмелерінде жаппай қамауға алынған мұсылмандар арасында бой көтерді. Әсіресе, ол Мысыр студенттері ортасында ерекше қолдауға ие болды. Ағымның дүниеге келуіне түрткі болған жайт түрмелердегі адам төзгісіз жағдай еді. Түрмедегі ауыр азаптан көптеген кісілер қайтыс болды. Осындай уақытта ауыр қысымға ұшыраған мұсылмандар осы ағымға кіре бастаған.

Мұсылман баласын «кәпір» деп айыптау сонау сахабалардың дәуірінде адасқан ағымдар тарапынан пайда болған дүние. Хазірет Әли (р.а.) ел басқарған тұста харижиттер (хауариждер) тіпті, сахабалардың өзін діннен шықты деп айыптағаны белгілі.

Міне, сол харижиттердің арасында бірде-бір сахаба, тіпті дінді терең ұққан ешбір адам жоқ еді. Олар пайғамбар тәрбиесін көрген абзал жандардың сынына ұшырап, сол заманның өзінде билік болып, оларға қарсы күрес жүргізілгені тарихтан белгілі. Дәлірек айтқанда, хазірет Әли (р.а.) күнә жасағандарды кәпір санаған хауариждерге қарсы Абдулла ибн Аббас (р.а.) сынды білікті сахабалар арқылы күрес жүргізіп, тойтарыс беріп еді. Содан басым бөлігі бері қайтқанды.

Ал өз ұстанымдарынан қайтпай, ғылыми дәлел-дәйектің парқына бармайтын бірбеткей қыңырларын билік күшімен басудан басқа айла-тәсіл қалмады. Сондай-ақ, төрт мәзһаб имамдарының бірі Ахмад ибн Ханбал өмір сүрген тұста муғтазилиттер ағымы бой көтеріп, дәстүрлі бағыттың тамырына балта шаппақ болды. Философиялық ой еркіндікті шектен тыс пайдаланған бұл теріс ағым да жоғарыдағы хауариждер сынды үлкен күнә жасағандарды діннен шығарған-ды. Тағы да сол дәстүрлі бағыт өз міндетін орындап, мұғтазилиттерге қарсы идеологиялық күрес жүргізіп, бір жағынан билік те қол ұшын беріп, қоғамға кесірі тиген жат ағым құрықталды. Бүгінгі таңдағы елімізде көкірегін керіп, аяғын алшаң басқан жат ағымның да осы тап жоғарыдағы хауариждер мен мұғтазилиттер сияқты үлкен күнә жасағандарды мұсылманшылықтан шығаратынын бәріміз естіп, көріп жүрміз. Осындай адасқан ағымдардың бірі – «Тәкфир және һижра жамағаты» болып табылады. Қоғамда көбіне «такфиршілер» деген атаумен танымал. Алайда, олар өздерін «Дағуат және һижрат жамағаты» деп те атайды.

«Тәкфир» сөзі «біреуді кәпір санау» дегенді білдірсе, «һижра» сөзі «өздерімен діни мәселеде келіспегендерді тәрк ету, олармен араласпау» дегенге саяды. Бұлардың адасқан жерлері – күнә жасаған мұсылманды және өздерін мұсылман санаса да шариғатты басшылыққа алмағандары үшін билік өкілдерін кәпір санаулары. Ең сорақысы сол, тәкфир жамағаты кәпір санаған тұлғаларды кім кәпір деп есептемесе, оның өзі де кәпір болады.

Исламда адамды күпірлікке айыптау (тәкфир) ең үлкен күнәлардың қатарына жатады. Бұл жайында Қасиетті Құранда Алла Тағала былай деген: «Бой ұсынушыларды, күнәһарлардай етеміз бе? Сендерге не болды, қалай үкім бересіңдер?» (Қалам сүресі, 35-36 аяттар).

Ал Алла елшісі (с.ғ.с): «Кімде-кім мұсылман адамды күпірлікке айыптаған болса, ол адамды өлтіргенмен тең», – деп бұл мәселеге аса үлкен сақтықпен қарау керектігін ескертеді.

– Ханафи мәзһабында амал етпеген мұсылманға такфирдің жарияланбайтынын білеміз. Бұл немен түсіндіріледі?

– Ханафи мәзһабы бойынша мүмин екенін айтумен қатар, иләһи сипаттарды жоққа шығаратын немесе жаратылыстардың сипаттарына ұқсататын, тағдырға сенбейтін, Құранда ашық белгіленген үкімдерді мойындамаған, күнә істеуді халал санаған, Құранның бір әрпін болса да мойындамаған адам кәпір болып табылады.

Алайда, Құранды тәпсір немесе тәуил (жорамал жасап түсіндіру) жасау арқылы үкім шығаратын немесе пайғамбарымызға (с.ғ.с) тән деп айтылатын хадистерде келген кейбір сенім негіздерін қабылдамаған адамды кәпір санауға болмайды. Әбу Ханифаның «әл-Фиқһул-әкбар» кітабында осыған сай мынадай сөз бар: «Мейлі үлкен күнә істесе де, ол істеген үлкен күнәсін халал санамайынша, оны  кәпір деп айта алмаймыз. Мұсылман деген атты одан алып тастай алмаймыз. Біз оны мүмін деп атаймыз». Олай болса, кәлима шәһадат айтып жүрген мұсылманның ең үлкен қателігі – күнә ісі үшін мұсылман бауырын діннен шығарып, оны кәпір санауы.

– Жастардың дәстүрлі ислам бағытында жүргізілетін уағыздарға құлақ асуы үшін не істеуге болады?

– Бұл арада біздің имамдарымыздың біліктілігі қажет. Республикалық дәрежеде өтіп жатқан арнайы конференцияларда да осы тақырып төңірегінде мәселелер көтеріліп келеді. Бүгінгі күні діни біліммен қатар, дүнияуи білімдерді де бірге алып жүру заман талабы. Онымен ғана шектелмей ҚМДБ-ға қарасты діни-ағарту сайттары өз жұмыстарын одан әрі жандандыра түсу қажет. Түрлі аудио, видео өнімдердің саны мен сапасын арттыру ләзім. Осы орайда арнайы мамандарға деген сұраныс арта түседі. Оған мемлекет тарапынан да көптеп қолдау көрсетілуі қажет. Мәселен, ағымдардың сойылын соғатын сайттарға шектеу қою керек. Ол қоғам арасындағы діни алауыздықтардың тез өршуіне себеп болады. Әрі дәстүрлі ислам бағытынан тайдырады. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл», демекші бұл көпшілік бір жұдырық болып жасау керек болған шаруалар.

– Жастарға, олардың ата-анасы мен туыстарына айтар кеңестеріңіз бар ма?

– Біз фиқһта Ханафи мәзһабын, діни сенімде Матуриди мектебін ұстанамыз. Бұл – біздің мызғымас сара жолымыз. Осы мектеп талай ғасырлардан бері өз құндылығын жойған жоқ. Ханафи мәзһабы халқымыздың ұлт ретінде қалыптасып, ұйысуына себепші болды. Ол әдет-ғұрып, салт-дәстүрімізбен біте қайнасып жатыр. Тәуелсіз елдің әрбір саналы жастары осыны дұрыстап түсініп алуы қажет. Бүгінде бүлік тудырып жатқан жат ағымдардың іс-әрекеті баршаға аян.  Олар – адасқандар. Саяси астар жатқан бұл пиғылдардың ар жағында жауыз ниетті күштер тұрғанын түсінуіміз керек. Солардың сойылын соғып кетуден азаматтарымызды сақтандыруымыз ауадай қажет.

Ислам діні тек бейбітшілікті қалайды. Бұл – әрбір кәмелетке толған жастар мен ұл-қыз өсіріп отырған ата-ананың ойға түюі тиіс болған нәрсе. Еліміздегі діни ағарту жұмыстарының бәрі де осы мақсатта жүзеге асып жатыр. Ең әуелі халыққа дұрыс діни білім қажет. Кез келген бір сұрақ туындаса көшедегі көлденең көк аттыдан сұрап кете бермей, мешітке келіп арнайы имамдардан жауап алу қажет. Онымен қоса, бүгінде мешіттерімізде діни сауат ашуға арналған арнайы курстар жұмыс істеп жатыр. Соларға келіп дұрыс бағыт алып, діни білімнің нағыз қайнар көзінен сусындау қажет. Сонда ғана азаматтарымыз адасудан аулақ болады. Бұл сайып келгенде еліміздің тыныштығы мен тұрақтылығының да кепілі болмақ. 

– Сұхбатыңызға рахмет!

E-Islam.kz