12 мам, 2025 сағат 14:38

Қазақ даласын қанша құс мекендейді?


Фото: nationalgeographic.kz


Бізде қызық әрі ерекше күндер барын білесіз бе? Мәселен  мамырда Дүниежүзілік жыл құстары күні аталып өтіледі. Әлемде орта есеппен құстардың 8600-тай түрі тіршілік етеді. Олар отызға жуық отрядқа бірігеді. Осы орайда Ult.kz тілшісі құстардың тіршілігі мен зерттелуі туралы анықтап көрді.


Қазақстанда құстардың шамамен 500 түрі тіршілік етеді. Бұл түрлердің көпшілігі жыл құстары, яғни олар жыл сайын көші-қон жасап, Қазақстан аумағына келіп ұялайды. Олардың ішінде алпыстан астам түрі маусымдық көші-қонға қатысады, ал 250-ден астам түрі тұрақты мекендеушілер екен.


Құстардың есебін жүргізу көбінесе қорықтар мен ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың мамандарына жүктелген. Сондай-ақ аңшылық шаруашылықтар жыл сайын есеп жүргізіп, сирек және құрып бара жатқан құстардың популяциясын бақылап отырады. 


Жуырда Қазан қаласында орнитология саласындағы жетекші ғалымдар мен зерттеушілерді жинаған Солтүстік Еуразияның XVI халықаралық орнитологиялық конференциясы өтті. Аталған жиында Солтүстік Қазақстан тарихи-өлкетану музейінің табиғат секторының ғылыми қызметкері Максим Сорочинский «Солтүстік Қазақстандағы Петропавл қаласы және оның төңірегіндегі құстардың популяциясы» тақырыбында баяндама жасап, облыстың орнитофаунасын ұзақ мерзімді бақылау нәтижелерін ұсынды.


«Зерттеулер құс түрлерінің алуан түрлілігін, маусымдық миграциясын және олардың көптігі мен таралуына қоршаған орта факторларының әсерін қамтиды. Әсіресе, сирек кездесетін және жойылып бара жатқан құс түрлеріне, олардың популяцияларына антропогендік қауіп-қатерлерге тоқталдым. Оның жұмысы Солтүстік Қазақстандағы экожүйені сақтау және құстарды сақтау стратегиясын әзірлеу маңыздылығын көрсетеді деп ойлаймын. Менің ол жиныға қатысуым өлкенің орнитофаунасын зерттеуге маңызды үлес қосты. Конференцияда ұсынылған жұмыстардың табиғатты сақтау және биоәртүрлілікті сақтау үшін практикалық маңызы бар», – дейді  Максим Сорочинский.



Фото: nationalgeographic.kz


Жалпы Қазақстанның Қызыл кітабына енген құстардың саны 21 түрді құрайды. Бұл түрлердің арасында кішкене аққұтан, жалбағай, қарабай, кәдімгі қоқиқаз, балықшы тұйғын, аққұйрықты субүркіт, сақалтай, жыланжегіш қыран, дала қыраны, бүркіт, қарақұс, жұртшы, ителгі, лашын, сұр тырна, жекдуадақ, қарабас өгізшағала, ақбауыр бұлдырық, қарабауыр бұлдырық, қылқұйрық бұлдырық, үкі сияқты сирек кездесетін және саны азайып бара жатқан түрлер бар. 


«Қазақстанның кең байтақ аумағы мен әртүрлі табиғи жағдайлары құстардың сан түрінің мекендеуіне мүмкіндік береді. Бұл құстардың көбі көктем мен күз айларында көші-қон жасап, Қазақстан аумағына келіп ұялайды немесе қыс мезгілінде қоныс аударады. Құстар шекараға бағынбайды. Олар бір елден екінші елге ауа жолы арқылы ұшып өте береді. Қазақстанда қазір құстардың 500 түрі кездеседі. Сонымен қатар  елімізге кездейсоқ ұшып келетін құстар да бар. Олар отыз шақты. Олар 20 отрядқа, 59 тұқымдасқа, 214 туысқа бірігеді. Алматы қаласында құстардың 210-ға жуық түрі мекендейтіні анықталған. Олардың ішінде ұялайтындар: 47-50 түр шамасында, қыстайтын түрі 51-ден асады, Алматыдан ұшып өтетін құс түрлері 80-нен аса, ал кездейсоқ ұшып келетін түрлері 20-30 шақты», – дейді құстарды зерттеуші Бірлікбай Есжанұлы.


Халықаралық «Қызыл кітапқа» тір­келген, қазір жойылып кеткен құстар тір­шілік ету ортасы тарылғандықтан құрыған. Одан бөлек, құстарды сақиналау бары­сында қансорғыш шыбындарды профессор, академик Т.Досжанов, қан паразиттерін биология ғылымының докторы К.Қайруллаев, мамықжегіштерді биология ғылымының кандидаты З.Саяқова зерттеп, олардың құстардың жойылуына ықпалын зерттеген. 


Қазақстанның «Қызыл кітабының» соңғы басылымы 2010 жылы шықты. Онда құстардың 57 түрі «Қызыл кітапқа» енген.


Айта кетейік, «Қазақстан құстарын қорғау одағы» деген қоғам бар. Құс әлемін ұнатушылар, құсты зерттеушілер сол ұйымға бірігеді. Бұл ұйымның айына екі рет шығатын «Ремез» деген өз газеті бар. Сонымен қатар, құстардың биоалуантүрлілігін бақы­лай­тын «Қазақстан биоалуан­түрлілігін сақтау ассосациясы» үкіметтік емес ұйымы бар. Оның бас штабы Астана қала­сында, ал Алматы қаласында ғылым бөлім­шесі орналасқан.


Ақбота Мұсабекқызы