20 қаң, 2025 сағат 16:05

Қуыршаққа жан бітіретін өнер иесі 50 жаста



Қуыршақ театры әр бала үшін ерекше. Барлық адам кішкентай кезінде кем дегенде бір рет қуыршақ театрына барары сөзсіз. Біз бала кезімізде қуыршақты қолға киіп ойнатса, қазір бұл театр заманауи бағытқа өзгерген. Театр актерларының өзі баланың көңілін сахнадан табуға тырысады. Солай әр балаға қуаныш сыйлай алатын актер, Алматы Мемлекеттік қуыршақ театрының майталман өнерпазы, Мәдениет саласының үздігі Бақытжан  Шадиярбекұлы Қаюов 50 жасқа толып, сахнадағы 25 жылдық шығармашылығына арналған кеш  өткізді, деп хабарлайды Ult.kz.




Қуыршақ театрының сахнасында өткен ерекше кеш барысында көрермендер өнер шеберінің ұзақ жылдар бойғы шығармашылық жолын бағалап, құнды туындылары мен сахналық шеберлігін тамашалады.


Бақытжан Қаюов – қуыршақ театрының көрнекті артисі, өнердің бұл түрінің дамуына көп үлес қосып келе жатқан тұлға. Ол өз мансабын театр өнерінде қуыршақтарды тірілтумен байланыстырып, балалар мен ересектерге арналған көптеген спектакльдерде басты рөлдерді сомдап келеді. Бенефис кеші оның шығармашылық жолының шежіресі, сахнадағы еселі еңбегінің айғағы болды.  




Бақытжан Қаюов – қуыршақ театрының сахнасында өзіндік ерекше қолтаңбасын қалыптастырған талантты артист. Оның өнер жолы қазақ қуыршақ театры өнерінің дамуына қосқан зор үлесімен ерекшеленеді. Бақытжан Шадиярбекұлы сахналық шеберлігімен ғана емес, сонымен қатар қуыршақтарды жанды бейнеге айналдыра білетін терең талғампаздығымен де танымал. Оның қатысуымен сахналанған спектакльдер кішкентай көрермендер мен олардың ата-аналары, ересек театр сүйер жандар мен кәсіби театр мамандарының  жүректеріне жол таба білді.




«Бақытжан Қаюов – қуыршақ жүргізу өнерінің нағыз майталманы. Ол әр кейіпкерге жан бітіріп, қуыршақ арқылы көрерменді күлдіртіп те, жылатып та, терең ойға жетелей алады. Бұл – сахнадағы шынайылық пен шеберліктің үйлесімі. Ол тек сахна шебері ғана емес, шығармашылықтың түрлі салаларында өзін танытып жүрген жан. Экранда түрлі фильмдерде бой көрсетуі, жаңа идеялар ұсыну, жас артистерді баулу – бәрі де Бәкеңнің шығармашылық қабілетінің шексіз екендігінің дәлелі. Осындай дарын иелерінің арқасында қуыршақ театры тек өнер түрі ғана емес, тәрбиелік мәні бар, рухани азық сыйлайтын құралға айналып отыр. Әр қойылымдары –  көрермен жүрегіне жол табатын өмірлік сабақ», – дейді Мемлекеттік қуыршақ театрының директоры Алмат Амангелді.




Бенефис кешке Алматы қаласы әкімдігінің, Алматы қаласы Мәслихатының, «Аманат» партиясы Медеу аудандық филиалының, Қазақстан театр қайраткерлері одағының, Қазақстан театр сыншылар бірлестігінің, Астана қаласы Қуыршақ театрының және Алатау дәстүрлі өнер театрының өкілдері қатысып мерейтой иесіне ақжарма ақ тілектер мен ыстық лебіздерін арнап, арнайы сый-сияпаттарын табыстады. Сондай-ақ, М.Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театры, Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры, С.Қожамқұлов атындағы Ұлытау облысының қазақ музыкалық-драма театры, Б.Римова атындағы Талдықорған драма театры, Ақтөбе облыстық «Алақай» қуыршақ театры, Маңғыстау облыстық қуыршақ театры, Қазақ мемлекеттік циркінің ұжымдары арнайы құттықтау хаттарын жолдады.




«Бақытжан Қаюов – қуыршақ театры сахнасындағы жарқын тұлға, жан-жақты дарын иесі. Ол өз өнерімен қуыршаққа жан бітіріп, әрбір қойылымда ерекше әсерлілік пен шынайылық танытады. Оның шеберлігі тек техникалық қимылдарда ғана емес, қуыршақ арқылы көрерменге терең эмоциялар мен мағыналы ой жеткізуде айқын көрінеді. Актердің ерекше дарыны оның әрбір рөліне толықтай ену қабілетінде. Ол кейіпкердің мінезін, сезімін, тіпті ішкі қайшылықтарын да қуыршақ арқылы шебер жеткізеді. Әрбір қойылымында ол кейіпкердің бейнесін көрермен жанына жақын әрі түсінікті етіп жеткізетіндей ерекше энергетикамен өнер көрсетеді. Кәсіби деңгейі оның репертуарды таңдаудағы және әртүрлі жанрлардағы қойылымдарды игерудегі икемділігінен байқалады. Ол балаларға арналған көңілді әрі жеңіл қойылымдардан бастап, терең философиялық ойларға құрылған күрделі спектакльдерге дейін сәтті орындап, әртүрлі көрермен аудиториясына ұнай біледі. Бақытжан Қаюов тек орындаушы ғана емес, қуыршақ өнерінің дамуына үлес қосушы шығармашыл тұлға. Оның әрбір жұмысы театр сахнасының эстетикалық биіктігін арттырып, көрермендерге қуыршақ өнерінің шексіз мүмкіндіктерін ашып көрсетеді», – дейді театртанушы Бақыт Нұрпейіс.




Кеш барысында қуыршақ театрының сахнасында қажырлы қызмет етіп келе жатқан майталман артист Бақытжан Шадиярбекұлын Жергілікті «Руханият» кәсіподағы қоғамдық бірлестігінің төрағасы  Исламбек Омаров «Еңбек сіңірген қайраткер» арнайы медалімен марапаттады.


(Суреттер: Қуыршақ театрының баспасөз қызметі)