25 қаң, 2022 сағат 17:11

Қысқы Олимпиада: Қазақстан жалғыз медальмен қайтуды дәстүрге айналдырды ма?


ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев Бейжіңде өтетін XXIV Қысқы Олимпиадаға болжам туралы сұрақтарға жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қазақстан Қысқы Олимпиададан жалғыз медальмен қайтуды дәстүрге айналдырды. Бұл жолы да бір медаль алсақ, жетістік пе әлде сәтсіздік пе?», - деп сұрақ қойды журналист Орталық коммуникациялар қызметінде. 

«Әрине, әр Олимпиадаға барған сайын жүлдеден үміттенеміз. Бір медаль болсын, екі медаль болсын, бәрі жүлде. Ол спортшыларымыз бүкіл өмірін арнаған, қан-терін төккеннің нәтижесі. Жалпы Тәуелсіздік алғаннан бері қысқы ойындарда 8 медаль алғанбыз. Оның төртеуін бір ғана адам алған. Сондықтан, қандай медаль алсақ та, жетістік деп айтуға болады», - деп жауап берді С. Жарасбаев. 

Спикер жалпы қысқы спорт түрін дамытуға айрықша назар аудару қажет дейді. Олимпиада аяқталған соң, 25 ақпанда министрлік пен Үкімет тарапынан кеңейтілген кеңес өтеді. Сонда бүкіл сұрақ қарастырылып, қай бағытта жұмыс істеу керектігі айқындалады.

«Медальдарға болжам айту өте қиын, соңғы екі жарым жыл бойы бүкіл әлемде пандемия болып жатыр. Бірақ біздің спортшыларымыз бар күшін салып, өз жоғары нәтижелеріне жетеді деген сенімдеміз», - деді вице-министр. 

Айта кетейік, XXIV қысқы Олимпиада ойындары Қытайдың Бейжің қаласында, 2022 жылдың 4 мен 20 ақпан аралығында өтеді. Онда жалпы саны 109 медаль сарапқа салынады. Жарыстар Бейжің қаласынан бөлек қасындағы Яньцин және Чжянцзякоу қалаларында да өтеді.