Қазақстан жер көлемінің үлкендігі жағынан әлемде 9-шы орында. Алайда қалада үй салатын жер жоқ, ауылда мал жаятын жер жоқ. Қазақ жерінің 95,5%-да ағаш жоқ. Қалған 4,5% жердегі ағаштың тең жартысы – сексеуіл. Қаламыз бен даламызда ағаштар ассортименті аз, декоративтілігі төмен. Аз ғана орманымызды жыл сайын алапат өрттер жалмап жатқаны тағы бар. Орманымызбен бірге арманымыз өртенуде. Ағаштың маңыздылығын көп адам білмейді немесе түбегейлі түсінбейді. Олар үшін ағаштар небары отын, тақтай, өзідігенен өсіп тұрған жай бір жасыл өсімдік. Алайда күн қатты ысытқан жағдайда жалғыз ағаштың көлеңкесіне тығылады.
Маңайларда шашылып жатқан целофан пакеттер, пластик қалдықтары экологиялық проблема емес, ол небары басқару жүйесінің нашарлығының көрінісі. Егер қоқысты сұрыптау, оны бақылау, қайта өңдеу мәселелерін жүйеге келітіріп, тәртіп пен заңды қатайтса, бұл мәселе өз шешімін табады. Ал нағыз экологиялық проблема, ол – топырақтың тозуы, судың тартылуы, қуаңшылық пен құрғақшылық.
АҒАШ ЖӘНЕ ЖАҺАНДЫҚ ЖЫЛЫНУ
Қазақстан климатын ондаған жылдар бойы зерттеген Франция мен Голландия ғалымдарының болжамына сүйенсек, болашақта елімізді нашар экологиялық ахуал күтіп тұр (Казахстан может превратиться в самый жаркий и засушливый регион на планете - https://www.youtube.com/watch?v=8D-YKgj-TxI). Жердің тозуы, CO₂ деңгейінің көтерілуі аса қатты қарқынмен жүріп жатыр. Құрғақшылық пен қуаңшылықтың алдын алу үшін радикалды қадамдар жасап, даламызды да, экономикамызды да «жасылдандырмасақ» жағдай қиындай түседі – деп, кеңес береді.
Жаһандық жылыну — жердің бетіндегі орташа температураның артуы. Соңғы жүз жылда температурасы шамамен 1°С-қа артты. Салыстырмалы айтсақ, егер адам температурасы 1°С-қа көтерілсе денеде ылғал жоғалтып, ағза ауырып қалады. Сол сияқты климат не бары бір градусқа жоғарыласа, табиғатқа кері әсер қатты болады. Күн қатты қызғанда, жердің беткі қабатындағы микроорганизмдер жойылып кетеді. Сондықтан топырақ көлеңкеге зәру. Біз оны тек жасыл желектер, ағаштар отырғызу арқылы ғана реттей аламыз. Ол үшін әуелі қоғамда эко сана мен дағды қалыптастыру жолдарын табу керек.
Бір ағаш бір жылда ауаны 28 келі ластанушы заттардан тазалайды. 13 000 литр жаңбыр суын сіңіреді де, тасқындардан сақтайды. Ауаны салқындату жағынан жыл бойы тоқтаусыз жұмыс істейтін 10 кондиционерді алмастыра алады.
АҒАШ ЖӘНЕ ҚАЛА
Астана, Алматы сияқты ірі қалаларда тар жерлерде тығыз-тығыз бой көтеріп жатқан зәулім тұрғын үй кешендері мен түрлі ғимараттар, ағаштар мен басқа да өсімдіктерге мүлдем орын қалдырмауда. Қалалардың қазіргі құрылымдық жүйесі адамдар үшін емес, көліктер мен ғимараттар үшін жасалғандай. Аулаларда күн сәулесі мен құнарлы топырақ аз. Бетондалған тас жолдардың кесірінен өсімдіктер кеңінен тамыр жая алмайды. Кеңістік азайды, фотосинтез бұзылды, өмір сүру ортасы күрделеніп кетті. Өсімдік болмаған жерде топырақтағы басқа да тіршілік иелеріне қажетті микроклимат қалыптаспайды. Көгалды жермен салыстырғанда, тасты жердегі күн қызуы бірнеше есе жоғары.
АҒАШ ЖӘНЕ СУ