03 қыр, 2019 сағат 08:58

Бірінші басшылар жауапты – Асқар Мамин Жолдаудың орындалуы жайлы

ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен ҚР Үкіметінің отырысында Мемлекет басшысының «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» Жолдауын іске асыру шаралары талқыланды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат". 

ҚР Премьер-Министрі Мемлекет басшысының Жолдауын іске асыруды толығымен қаржылай қамтамасыз ету шараларын қабылдау қажеттігін айтты.

«Президент тапсырмаларын орындауға барлық бірінші басшылар дербес жауапты екенін назарларыңызға саламын. Атап айтайын, әрбір тапсырмасының орындалуы қатаң бақылауға алынып, орындалуының нақты мерзімі белгіленуі қажет. Біз қойылған міндеттерді тиімді шешу бойынша үйлесімді жұмыс жүргізуіміз керек», — деді Аскар Мамин.

Үкімет басшысы 7 қыркүйекке дейін Мемлекет басшысының Жолдауында қойылған міндеттерді іске асырудың Жалпыұлттық жоспарының жобасын әзірлеуді тапсырды.

Президенттің Қазақстан халқына Жолдауының бес басты бағытын орындау жолдары туралы Премьер-Министрдің бірінші орынбасары – ҚР қаржы министрі Ә. Смайылов, Үкімет басшысының орынбасарлары Ж. Қасымбек пен Б. Сапарбаев баяндады.