04 мам, 2022 сағат 14:03

Мәжіліс ТМД-ға мүше мемлекеттер арасындағы салық саясаты туралы келісімді тоқтатты


Мәжіліс ТМД-ға мүше мемлекеттердің арасындағы келісілген салық саясаты туралы келісімді тоқтату туралы хаттаманы ратификациялады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Құжаттың толық атауы – «1992 жылғы 13 наурыздағы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің үкіметтері арасындағы келісілген салық саясатының қағидаттары туралы келісімнің қолданысын тоқтату туралы хаттаманы ратификациялау туралы» Заңының жобасы. Бұл құжатты Премьер-Министрдің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев таныстырды. 

«Хаттама ТМД елдері тарапынан келісімнің мерзімін ұзарту туралы өтінімнің болмауына, сондай-ақ келісімдегі ережелердің қазіргі талаптарға сәйкес келмеуіне байланысты күн тәртібіне шығарылып отыр», - деді ведомство басшысы. 

Оның айтуына қарағнада, 1992 жылы бұл келісімге ТМД-ға мүше 9 мемлекеттің басшысы қол қойған. Ол құжат бойынша аталған мемлекеттер салық салу саясатын біріздендіру негізінде ұйым аумағында негізгі салықтардың бірыңғай тізбесін пайдалану керек болған. Алайда ТМД-ға мүше 4 мемлекет ол құжатты ратификацияласа, қалған 5 мемлекет өз тарапынан тиісті жұмыстарды тындырып үлгермеген. Ақыры 2017 жылы ұйымға қатысушы елдердің салық органдарына жауапты басшылары аталған келісімді тоқтату туралы ортақ шешімге келген.

«Осылайша 2021 жылғы 4 наурызда келісімнің қолданысын тоқтату туралы хаттамаға қол қойылды. Бүгінде салық қызметінің шет мемлекеттермен, оның ішінде ТМД елдерімен өзара іс-қимылы халықаралық шарттар негізінде реттелетінін атап өту керек», - деді министр.