25 қаң, 2022 сағат 16:46

Мемлекет басшысы Қытай мен Орталық Азия елдерінің басшыларын Қазақстанға шақырды


ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қытай мен Орталық Азия елдерінің басшыларын Қазақстанға шақырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Орталық Азия – ҚХР» саммитіне қатысқан Президент Қасым-Жомарт Тоқаев күзде Қазақстан астанасында өтетін АӨСШК мерейтойлық саммитіне қатысуға шақырды. 

«Біздің алысты көздеген жоспарларымызды табысты іске асыру өңірде қауіпсіздікті қамтамасыз етпесек, мүмкін емес. Жаһандық турбуленттілік жалғасуы аясында біз бірлесіп, оның ішінде Шанхай Ынтымақтастық Ұйымының (ШЫҰ) жасампаздық әлеуетін пайдалана отырып, Еуразияның орталығында бейбітшілік пен тұрақтылықты нығайту жолында жұмыс істей алар едік. 

Осы орайда Азиядағы Өзара Сенім Шаралары жөніндегі кеңестің елеулі мүмкіндіктеріне назар аударғым келеді. Осы форумның қазіргі төрағасы ретінде Қазақстан АӨСШК тиімділігін арттыру бойынша жүйелі қадамдар жасауда», - деген Мемлекет басшысы кеңесті Азиядағы қауіпсіздік және даму ұйымына трансформациялау туралы ұсыныс білдірді. 

«Бұл біздің қазіргі сын-қатерлер мен қауіптерге қарсы іс-қимыл жөніндегі ұжымдық күш-жігерімізді сапалы әрі жаңа деңгейге шығаруға мүмкіндік берер еді. Құрметті әріптестер, сіздерге осы бастаманы қолдағандарыңыз үшін алғыс білдіремін және осы жылдың күзінде Қазақстан астанасында өтетін АӨСШК мерейтойлық саммитіне қатысуға шақырамын», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.