Фото: Akorda.kz
Мемлекет басшысы Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, Шымкент қалалық опера және балет театрының директоры Майра Мұхамедқызын қабылдады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Ақорданың ресми сайтына сілтеме жасап.
Кездесу барысында еліміздегі опера өнері мен мәдениетін дамыту мәселелері талқыланды.
Президентке Шымкентте қалалық опера және балет театрының жаңа ғимаратын салу жоспары туралы мәлімет берілді. Майра Мұхамедқызы Мемлекет басшысына өңірдегі опера және театр өнерін дамыту жұмыстары, сондай-ақ жас әншілерді, театр және балет әртістерін оқыту ісі жөнінде айтты.
Президент жас таланттарды дайындау, театр репертуарын шетелдік және ұлттық қойылымдармен жаңарту маңызды екенін атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев Майра Мұхамедқызының көп жылдан бері Қазақстанның мәдениет саласының дамуына зор үлес қосып келе жатқанын атап өтіп, опера әншісіне шығармашылық табыс тіледі.