11 нау, 2020 сағат 14:08

Мемлекеттік бюджетке 1 трлн 381 млрд теңге түсім артық түсті

2019 жылдың қорытындысы бойынша мемлекеттік бюджетке 1 трлн 381 млрд теңге артық түсті. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитетінің төрағасы Марат Сұлтанғазиев айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«2019 жылы мемлекеттік бюджет жоспары 100,8 пайызға орындалып, өткен жылмен салыстырғанда 1 трлн 381 млрд теңге немесе 17,4 пайыз артық түсім түскен. Республикалық бюджет 100,3 және жергілікті бюджеттер 102 пайызға орындалды», - деді комитет басшысы.

Оның дерегінше, шоғырландырылған бюджетке шикізаттық сектордан түсімдер - 7, шикізаттық емес сектордан түсімдер - 10 пайызға өсті. Сонымен қатар, қосымша резервтер 916 млрд теңгені құрады. Оның ішінде салықтық және кедендік әкімшілендіруді жетілдіру – 392 млрд теңге, цифрландыру бойынша шаралар 524 млрд теңге қосымша түсім алып келді.

«Тау-кен өндірісін қоспағанда экономиканың барлық басқа секторларында салық түсімдерінің өсімі байқалады. Аталған сектордағы түсімнің төмендеуі мұнайдың - 10 пайызға, металдардың орта есеппен - 13 пайызға төмендеуі себеп болды», - деді Марат Сұлтанғазиев.