16 қар, 2016 сағат 10:27

Мемлекеттiк қызметте тағы қандай өзгерiстер болмақ?

Бүгiн Мәжiлiстiң жалпы отырысында депутаттар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын мақұлдады, деп хабарлайды Baq.kz тiлшiсi.

Мемлекеттiк қызмет кадрларын толықтыру тәртiбi қайта қаралмақшы. Қазiргi уақытта бос орындарды толтыру үш кезеңнен тұратын конкурс арқылы жүзеге асады.

«Ең алдымен, үмiткерлер бос лауазымдары бар мемлекеттiк орган қызметкерлерi арасынан iрiктеледi. Егер олардың iшiнде үмiткер болмаған жағдайда, iрiктеу барлық органдар қызметкерлерiнiң арасында жалғастырылады. Осы кезеңде де жеңiмпаз анықталмаса, онда жалпы конкурс жарияланады. Жыл басынан қолданысқа енген заңды талдау көрсеткендей, жалпы конкурсқа қатысушылар саны екi еседей көп болып отыр. Сондықтан бос лауазымдардың 65 пайызы осы кезеңнiң қорытындысы бойынша толтырылуда. Қазiргi таңда конкурстар қатаң түрде үш кезеңде өткiзiлуде. Сол себептен бос лауазымдарға үмiткерледi iрiктеу 16-дан 52 жұмыс күнiне дейiн уақыт алуда», - деп баяндады Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Қайрат Қожамжаров.

Оның айтуынша, бұл кадр тапшылығына әкелген. Әсiресе, ауылдық және аудандық деңгейде кадр жетiспеушiлiгi анық байқалып отыр. Ал iшкi және жалпы конкурстарды бiрiктiру бұл мәселенi шешуге мүмкiндiк бередi.

«Бос орындарды толтыру мәселесiн тездетумен қатар, меритократия қағидаларын сақталуын бақылайтын боламыз. Сол себептi екiншi iшкi конкурстар өткiзiлмейтiн жағдайлар заңға тәуелдi құқықтық актiлерiнде анықталатын болады. Олар - сирек кездесетiн мамандықтар және басшылық емес лауазымдар. Керiсiнше барлық басшылық лауазымдарға екiншi конкурсты өткiзу мiндеттi түрде сақталады. Бұндай тәсiл төменнен жоғары өсудi, яғни мансаптық қағиданың талаптарын орындауды толық қамтамасыз етедi», - дейдi ол.

Бұдан бөлек, «А» корпусы қызметкерлерiнiң «Б» корпусы лауазымдарына тағайындалу тәртiбi жеңiлдетiлмек. Қазiргi уақытта «А» корпусының қызметкерлерiн төменгi орынға тағайындау тек кадр саясаты жөнiндегi ұлттық комиссияның шешiмiмен ғана жүзеге асырылады. Заң жобасында мұндай құқықты агенттiкке беру ұсынылып отыр. Бүгiнгi күнгi мұндай тәжiрибе «Б» корпусының қызметкерлерiн ауыстыру кезiнде қолданылып келедi.

«Қазiргi таңда «Б» корпусына қарағанда «А» корпусының үмiткерлерiне нақты бiр мамандыққа сәйкес келу туралы талап қойылмайды. Ал «Б» корпусы үмiткерлерiне бiлiмiнiң, мамандығының сәйкес келуi мiндеттi талап. Сол себептi «А» корпусының қызметкерлерi де зерделеуге жататын болады. Бұл талап Елбасының мемлекеттiк аппаратты кәсiбилендiру бойынша тапсырмаларынан туындайды», - дедi Қ.Қожамжаров.

Сондай-ақ құқық қорғау қызметiне үмiткер тұлғалардың заңдарды бiлу және жеке қасиеттерiн бағалауға арналған тестiлеуден өту мерзiмi ауыстырылады. Қолданыстағы заңға сәйкес бұндай талап келесi жылдың бiрiншi қаңтарынан бастап iске асырылуы тиiс едi. Алайда Мемлекет басшысы бұл жүйенi биылғы жылы енгiзудi тапсырды.

Айымгүл ӘБІЛЕВА