25 қар, 2022 сағат 15:24

Меркель Ресейдің Украинаға басып кіргені жөнінде: Бұл - күтпеген жайт емес


Германияның бұрынғы канцлері Ангела Меркель Ресейдің Украинаға басып кіргені – өзі үшін күтпеген жайт болмағанын айтты. Бұл жөнінде ол немістің Der Spiegel басылымына мәлімдеген, деп жазады Азаттық.

Меркельдің сөзіне қарағанда, канцлер қызметінен кетуіне аз қалғанда ол Ресей басшысы Владимир Путинмен байланыс орнатуға тырысқан. Бұрынғы канцлердің айтуынша, 2021 жылы жазда АҚШ президенті Джо Байден және Владимир Путин кездесуінен соң ол Украина мәселесі бойынша еуропалық форматта талқылау өткізгісі келген. Оған Меркельдің өзі, Путин мен Франция басшысы Эммануэль Макрон қатысуы тиіс болған.

Алайда "біреу қарсылық білдіргендіктен" жиынды өткізу мүмкін болмаған. Ал барлығы оның күзде биліктен кететінін білгендіктен, әрі қарай бұл жиынды өткізуге күш сала алмаған. Меркельдің айтуынша, мұндай қатынас оның Мәскеуге соңғы сапарында да байқалған. 

Меркель соғысты болдырмауға бағытталған өз бастамасын өзге неміс саясаткерлеріне беруге тырысқан, алайда ешқайсысының мұндай жауапкершілікті алуға батылы жетпеген. 

Бұған дейін Меркель канцлер қызметінен кеткеннен кейін берген ірі сұхбатында Ресейдің Украинаға басып кіруін ірі қателік деп атаған. 

"Бұл - дөрекі, халықаралық құқықты елемеген шабуыл, оны ақтауға болмайды" деді ол. 

Меркельдің айтуынша, Путиннің өшпенділігі батыстың демократия моделіне қарсы бағытталған.

"Ол Еуроодақты жойғысы келеді, себебі оны НАТО-ға бірінші қадам деп есептейді" деді Германияның бұрынғы канцлері. 

Сыншылар Меркельді Ресеймен үнемі тіл табысуға тырысты, Украина мәселесі бойынша да қатаң талап қоймады деп сынайды. Оппоненттері оны "Солтүстік ағыс–2" газ құбыры құрылысын (газ құбыры ақыры аяқталды, алайда пайдалануға берілген жоқ) жақтады немесе Минск келісімі бойынша бірқатар жеңілдіктер беруге дайын болды деп сөкті. Оны сонымен бірге 2008 жылы Украина мен Грузияны НАТО-ға қабылдауға қарсы болғаны үшін де сынаған.