06 қар, 2023 сағат 14:34

Назарбаев қоры қаза тапқан кеншілердің отбасыларына 50 млн теңге бөлді

Фото ашық дереккөзден алынды

Нұрсұлтан Назарбаев қоры Қарағанды облысында Костенко атындағы шахтадағы апаттан қаза тапқан шахтерлердің отбасына 50 млн теңге материалдық көмек бөлді.

"Костенко атындағы шахтада болған трагедияны терең күйзеліспен қабылдаған еліміздің Тұңғыш Президентінің тапсырмасына сәйкес, Нұрсұлтан Назарбаев қоры қаза болған шахтерлердің отбасыларына 50 миллион теңге қаржылай көмек бөлді", - делінген қор хабарламасында.

Естеріңізге сала кетейік, 28 қазанға қараған түні Қарағанды облысындағы Костенко атындағы шахтада метан жарылып, салдарынан 46 кенші көз жұмды. Апат фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Сондай-ақ Премьер-министрдің төрағалығымен үкіметтік комиссия құрылды.

29 қазан елімізде Жалпыұлттық аза тұту күні боп жарияланды.

Осы апаттан кейін Президент "АрселорМитталмен" инвестициялық ынтымақтасты тоқтатуды тапсырды. Үкімет компанияны Қазақстан пайдасына беру туралы алдын ала уағдаластыққа қол жеткізілгенін мәлімдеді.