11 там, 2016 сағат 08:17

Назарбаев Рахимов пен Баландинді құттықтады

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Рио-де-Жанейродағы Олимпиада ойындарында алтын медальға ие болған ауыр атлет Нижат Рахимов пен жүзгіш Дмитрий Баландинге құттықтау жеделхатын жолдады.

«Қазақстандықтар сенің өнеріңді зор қызығушылықпен және үлкен үмітпен тамашалады. Сен олардың үмітін толық ақтадың. Жоғары спорттық шеберлігің, жанкештілігің мен асқан ерік-жігерің саған қиын сайыста мықты қарсыластарды жеңіп шығып, Қазақстанның олимпиадалық командасына алғашқы алтын медальді әперуге көмектесті. Сенің жеңісің елдің жас спортшылары үшін лайықты үлгі болары анық», – делінген Рахимовқа жолданған жеделхатта.

Ал Баландинге жолданған жеделхатта: «Сенің жарқын жеңісің қазақстандықтарға зор қуаныш сыйлады. Даңқты қарсыластармен жанкешті және қиын сайыста жеңіп алған алтын медаль – сенің жоғары шеберлігіңнің, мақсатқа талпынуыңның, ерік күшің мен қайрат-жігеріңнің көрсеткіші. Сенің теңдессіз табысың Қазақстан спортының шежіресінде мәңгілік қалады», – делінген екен.

Қазақстан Президенті спортшыларға келешекте жаңа белестерді бағындыруына тілектестік білдірді.

Ұлт порталы