24 қаң, 2022 сағат 18:36

"ӨКМ Операторы" шоттарындағы ақша жеңілдікпен автонесиелеуге бөлінуі мүмкін


Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі халыққа жылына 4 пайызбен автонесие берудің жаңа бағдарламасын әзірлеуді қарастырып жатыр. Бұл туралы "Хабар" телеарнасындағы "Большая неделя" ток-шоуында индустрия және инновациялық даму вице-министрі Марат Қарабаев мәлімдеді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

Вице-министр Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша мөлшерлемелерді қайта қарау жұмыстары жүргізіліп жатқанын мәлімдеді. Оның айтуынша, 21 қаңтарда министрлік 100-ге жуық адамнан тұратын жұмыс тобымен, бизнесмендермен, белсенділермен және жұртшылықпен кездесті.

"Келесі аптада әр сектор бойынша жұмыс бастаймыз (кәдеге жарату төлемі бойынша мөлшерлемелерді қайта қарау), яғни кабельді-өткізгіш өнім бөлек, автокөлік өнеркәсібі бөлек, ауыл шаруашылығы техникасы бөлек. (...) Қандай да бір санаттар бойынша 20 пайызға дейін, Қазақстанда өндірілмейтін қандай да бір санаттар бойынша 30-40 пайызға дейін мөлшерлемелерді азайту талқыланып жатыр", - деді ол.

Сондай-ақ, Марат Қарабаев Президент жолдауы Қазақстан азаматтары үшін автокөлік қолжетімділігін қамтамасыз ету екенін, сондықтан министрлік 2015-2018 жылдар аралығында қолданыста болған 4 пайыздық жеңілдетілген автонесие беру бағдарламасын қайта жаңғыртуды қарастырып жатқанын айтты.

"Қазір бұл бағдарлама бойынша жаңа қаражат бөлінбеді, бірақ қолда бар қаражат айналымда. Ол жеткіліксіз. "ӨКМ" шоттарында жинақталған қаражатты халықты автонесиелендіру үшін 4 пайызға бөлу ұсынылады. Бұл ретте, егер бұрын мемлекеттік бағдарламаға қатысу үшін қажетті шарт 20 пайыз мөлшеріндегі бастапқы жарна болса, қазір бастапқы жарнаның күшін жою мүмкіндігін талқылаймыз", - деді Қарабаев.

Ол бұрын бағдарламада кез келген, соның ішінде жоғары сыныпты автокөлікті таңдау мүмкіндігі берілсе, қазір бағдарламаны белгілі бір сомадан аспайтын бюджеттік автокөліктерге бағыттау жоспарланғанын айтты.