29 қыр, 2022 сағат 12:38

Оқушыларға шатасып басқа вакцина салған: Ақтөбеде қылмыстық іс қозғалды

Фото:elements.envato.com

Прокуратура 1-сыныпқа баратын 42 оқушыға мантудың орнына туберкулезге қарсы тірі вакцинаны салу ісіне қатысты тергеуді бастады. Бұл туралы Ақтөбе қаласы Алматы ауданының прокуроры Жасұлан Дәулембаев айтып берді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.

"Ақтөбедегі мектепте балалардың манту сынамасының орнына вакцина салу дерегі бойынша Ақтөбе қаласының Алматы аудандық полиция бөлімі Қылмыстық кодекстің 317-бабы бойынша соталды іс жүргізуді бастады, ол медициналық қызметкердің кәсіби міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін жауапкершілікті көздейді", - деді Дәулембаев. 

Қажетті сараптамалар тағайындалған. Істі облыс прокуроры өз бақылауына алды. 

Еске салайық, Ақтөбеде 1-сыныпқа баратын 42 оқушыға мантудың орнына туберкулезге қарсы тірі вакцинаны салған. Бұл қатені ата-аналар екі апта өткен соң бір-ақ білген. 

Астана телеарнасының мәліметінше, №74 орта мектептің 42 оқушысының жақындары жауапсыз медицина қызметкерлерін жазалауды талап етіп отыр. Ата-аналардың айтуынша, балалардың көбі өздерін жайсыз сезінеді. Екпе салған дене бөлігі қатты ісіп, іріңдеген. Тіпті қолын көтере алмай қалғандары да бар. Балаларға мантудың орнына иыққа салатын тірі вакцина егілгені анықталған.