30 қар, 2022 сағат 13:37

Олигарх Клебанов Екібастұз ЖЭО-ны мемлекетке 1 теңгеге сатқысы келеді


Олигарх Александр Клебанов өзі бақылайтын Екібастұз жылу электр орталығын мемлекетке апатты күйінде 1 теңгеге сатқысы келеді. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Ерлан Сайыров айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Депутат күні кеше ғана Екібастұз қаласынан оралды. Мәжіліс кулуарында журналистер Сайыровтан "олигарх Клебановпен кездестіңіз бе" деп сұрады.

"Иә, екі күн бұрын әкімшілікте жиналыс болды. Оған Клебанов та қатысты. Сол кезде біз бүкіл сұрақты сол кісіге қойдық. Ол бізге (Екібастұз ЖЭО-ны) 1 теңгеге мемлекетке сатуға дайынбыз деді", - деп тоқталды Сайыров Мәжіліс кулуарында.

Алайда Қазақстан билігі оған келіспеген.

"Біз олай болмайды деп айттық. Ең алдымен кәсіпорынды иелікке алған кезде тозу деңгейі қандай, қазір қандай, сол айырманы анықтап, соны төлеуді талап еттік. Екіншіден, қазір Қазақстан халқы қиналып жатыр. Сондықтан олар Екібастұз халқына моралдық шығын төлеуі керек", - деді мәжілісмен.

Осы орайда БАҚ өкілдері Клебанов жылу орталығын жөндеп, халыққа шығын төлеуге келісті ме деп сұрады.

"Ол жерде біраз пікірталас болды. Соңында әркім өз пікірінде қалды. Менің ойымша, бұл мәселе Үкімет деңгейінде шешіледі. Егер құқық қорғау органдары заңбұзушылық тапса, шығынды өтеу туралы мәселе көтеріледі", - деді Сайыров.

27 қарашаға қараған түні Екібастұз ЖЭО-да қазандықтар істен шығып, тұрғындар қақаған аязда жылусыз қалды. Ертесіне қалада төтенше жағдай жарияланды.

Айта кетері, олигарх Александр Клебанов – "Екібастұзжылуэнергия" ЖШС құрылтайшысы.