12 шіл, 2024 сағат 19:25

Олжас Бектенов пен Абдулла Арипов Алматыдағы көлік және цифрлық инфрақұрылым нысандарына барды

Фото:primeminister.kz

Үкіметаралық комиссия отырысына қатысу үшін Қазақстанға жұмыс сапарымен келген Өзбекстан Премьер-Министрі Абдулла Арипов Алматыдағы бірқатар нысанды аралады, -деп хабарлайды "Ұлт Ақпарат" Премьер-Министрдің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қазақстан Үкімет басшысы Олжас Бектенов пен Өзбекстан Премьер-Министрі Абдулла Арипов Қаладағы қоғамдық көлікті диспетчерлік басқару орталығына барды. Өзбекстан Премьер-Министріне қазақстандық цифрлық шешімдер таныстырылды.

Алматы қаласы көлік холдингінің өкілі Садир Хамраев ONAY электронды билет сату жүйесін таныстырды. Бүгінде мегаполис пен агломерация халқы 3 млн-нан асады, оның ішінде 1,7 млн жолаушы қоғамдық көлікпен жылына шамамен 444 млн рет қатынайды. 3 507 аялдама, 222 бұрылыс алаңы цифрландырылды. Диспетчерлер 3 мыңнан астам автобус пен троллейбустың жұмысын тәулік бойы қамтамасыз етеді.