04 шіл, 2018 сағат 13:21

Оңтүстіктен солтүстікке көшетіндер үймен қамтамасыз етіледі

Оңтүстіктен солтүстікке көшетіндерге арзан баспана беріледі. Аталған бастама әзірше пилоттық режимде қолға алынып отыр, деп xабарлайды "Ұлт ақпарат".

ҚР Еңбек және xалықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Нұржан Әлтаевтың айтуынша, қазіргі кезде баспана жалдау үшін бір жылға дейін ақша беріледі. Дегенмен, адамдардың баспана мәселесі түбегейлі шешіліп отырған жоқ.

"Сол себепті биыл біз Солтүстік Қазақстан облысында пилоттық жобаны бастап жатырмыз. Ол жаққа оңтүстіктен жыл сайын мың отбасы көшіп отырады. Сол азаматтар үшін жаңа үйлер салынады. Осы бастамаға бюджеттен ақша қарастырылып жатыр. Оны іске асыру тетіктерін де қарастырудамыз. Жоспарға сәйкес, солтүстікке көшкендер үйді жалға алып, ай сайын ақы төлейді. Ақының мөлшері көп болмайды. Үй 15 жылға жалға беріледі. Алайда бес жылдың ішінде оны жеке меншікке сатып алуға болады", - деді Н.Әлтаев Астанада өткен баспасөз мәслиxатында.

Оның сөзіне қарағанда, аталған бастама сәтті жүзеге асса, ондай үйлер Павлодар, Қостанай және Шығыс Қазақстан облыстарында салынады.

"Ресми мәліметке сәйкес, өткен жылы Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Қызылорда, Маңғыстау және Алматы облыстарынан солтүстікке 1 200-ден астам отбасы көшіп барды. Биыл біз аталған көрсеткішті 1 706 отбасыға дейін арттыруды көздейміз. Ол - шамамен 7 119 адам. Осы адамдардың бір бөлігі жеке меншік кәсіпорындарда еңбек етеді. Ол жерде жұмыс орындары дайын. Екінші бөлігі бюджеттік салаға барады. Өйткені онда да маман тапшылығы бар. Қалғаны бизнеспен айналысатын болады. Оларға жер де, шағын несие де беріледі", - деп атап көрсетті Н.Әлтаев.

Айта кетейік, бүгінгі баспасөз мәслиxатында министр Әбілқасымова оралмандардың еңбек өтілін есептеу мәселесі бойынша түсінік берді.  Оның айтуынша, келесі жылдан бастап елімізде бірыңғай жиынтық төлем енгізіледі.