26 сәу, 2022 сағат 13:50

Орал қаласына жаңа әкім келді


Орал қаласының әкімі болып Миржан Сатқанов тағайындалды, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

"Президент Әкімшілігі және қалалық мәслихатпен келісе отырып, меритократия қағидаттарына сәйкес Сатқанов Миржан Мұнайдарұлы Орал қаласының әкімі қызметіне тағайындалды", - делінген хабарламада.

Миржан Сатқанов 1977 жылы Батыс Қазақстан облысында дүниеге келген. Білімі жоғары, Түркия Республикасының Докуз Ейлюл университетін қаржыгер мамандығы бойынша бітірген. Еңбек жолын 2000 жылы Орал қалалық қаржы бөлімінің жетекші маманы болып бастаған.

Бүгінгі күнге дейін Бөрлі ауданының әкімі қызметін атқарған.

Еске сала кетейік, Орал тұрғындары 2019 жылдың тамызынан бері қала әкімі болып келген Абат Шыныбековтің отставкаға кетуін талап етіп петиция құрған болатын.