23 қаз, 2023 сағат 14:50

Оралда 17 жастағы қыз жатақхананың 8-қабатынан секіріп кетті

сурет ашық дереккөзден алынды

Оралда 17 жастағы бойжеткен сегізінші қабаттан секіріп кетті, деп хабарлайды Kazinform агенттігі.

БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, оқиға 21 қазанда болған.

«Сағат 13.20 шамасында 1 курста оқитын 17 жастағы қыз жатақхананың 8-қабатынан секіріп кеткен. Салдарынан ауыр жарақат алған студент Орал қаласындағы облыстық көпбейінді ауруханаға жатқызылды.

Аталған дерек бойынша Орал қаласы полиция басқармасының Абай полиция бөлімі ҚР ҚК 105-бабы 3-бөлігіне сәйкес (өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу) сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізуде. Қазіргі кезде оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр», - деді ПД өкілдері.

БҚО денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің нақтылауынша, сағат 13.40-та Ж.Досмұхамедов көшесі бойындағы жатақханадан облыстық жедел медициналық жәрдем станциясына қоңырау шалынған. Студент қыз бастапқыда жақын жерде болғандықтан, облыстық көпбейінді ауруханаға жеткізілген. Кейін облыстық көпбейінді балалар ауруханасына жатқызылған. Қазір жансақтау бөлімінде, жағдайы өте ауыр. Балалар нейрохирургінің, травматологтың және хирургтың бақылауында.