22 қаз, 2018 сағат 20:02

Оралда жазушы Хамза Есенжановтың 110 жылдығына орай шаралар өтті

Оралда көрнекті жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Хамза Есенжановтың (1908-1974) 110 жылдығына орай шаралар өтті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Барша оқырманға «Ақ Жайық» трилогиясымен танымал қаламгердің алдымен мүсіні ашылды.

Кейін қала әкімі Мұрат Мұқаев Ақ Жайық жұртшылығын өңірдегі осынау елеулі оқиғамен құттықтады.

Ескерткіштің ашылу рәсіміне жазушының немере інісі, академик, биология ғылымдарының докторы, Әл-Фараби атындағы ҚазМҰУ-дың профессоры Айтқожа Биғалиев, Х.Есенжановтың келіні, шығыстанушы, ілеспе аудармашы-синхронист, Абылай хан атындағы Халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінің профессоры, филология ғылымдарының кандидаты Дина Есенжан, тарихшы, хамзатанушы Сайлау Сүлейменов және басқалар қатысып, естеліктерін айтты.

Мүсінді салтанатты түрде ақын, Қазақстан Жазушылар одағы БҚО бөлімшесінің төрайымы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Ақұштап Бақтыгереева мен Айтқожа Биғалиев ашты.

Бұдан кейін Х.Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театрында «Хамза Есенжанов - адамзаттың асылы» атты әдеби-музыкалық кеш өтіп, қаламгер өмірі мен шығармашылығына талдау жасалды.

Жиын барысында «Тұғыры биік талант» атты жаңа кітаптың таныстырылымы болып, театр фойесінде «Қайсар талант арқалаған нар сенім, ұмытпайтын ұрпақтарың бар сенің» тақырыбында кітап көрмесі, фотоэкспозиция мен құнды жәдігерлер келушілер назарына ұсынылды.

Мерекені ұйымдастыруға Х.Есенжанов атындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасы да белсене атсалысты.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда жазушыға тағы бір мүсін орнатылғанын жазған болатынбыз.