Фото: Pexels
Павлодар облысында зейнеткер алаяққа алданып, 13 миллион теңгесінен айырылған, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Елімізде ескі схема бойынша алаяқтық фактілері жиілеп кеткен. Солардың бірі – “Сіздің ұлыңыз, қызыңыз немесе немереңіз апатқа ұшырады, я болмаса полицияда” деген хабарламалар. Телефон алаяқтары оңай алданатын, туысқандарының амандығы үшін бәріне дайын қарт адамдарға хабарласудан бастайды.
Мәселен, 3 маусымда түстен кейін белгісіз ер адам 90 жастағы зейнеткердің қалалық телефонына қоңырау шалып, "Қызыңыз апатқа ұшырап, адамды қағып кетті. Қазір әртүрлі жарақаттармен ауруханада жатыр. Оны қылмыстық жауапкершілікке тартпау туралы мәселені шешу үшін сіз ақша аударуыңыз керек" деген сылтаумен хабарласқан. Алаяқтар қаражатты Руслан есімді жігіт алып кететінін айтқан. Біраз уақыттан кейін зейнеткердің үй телефонына қобалжыған дауыспен "апатқа ұшырадым, маған шұғыл түрде 20 миллион теңге көлемінде ақша керек" деген қызының дауысына ұқсас әйел хабарласады. Ал зейнеткер қоңырау шалған адамның дауысын ажырата алмай, қызының шынымен қиын жағдайға тап болғанына сеніп қалады.
"Зейнеткер жинақтары мен зейнетақысынан 13 миллион теңге сомасында қаражат жинаған. Көп ұзамай олар есікті қағады, белгісіз адам кіріп, өзін Русланмын деп таныстырған. Ақшаны санап, алып кетеді.
Қазіргі уақытта белгісіз тұлғалардың жеке басын және орналасқан жерін анықтауға жедел-іздестіру іс-шаралары жүргізіліп жатыр. Павлодар облысының жеке құрамы бағдарланған", – деді Павлодар облысы ПД криминалдық полиция бастығы Балғабай Қапаров.
Жыл басынан бері жалпы 25 млн теңге қаражат берген тоғыз павлодарлық осындай схема бойынша алаяқтардың "қармағына" түскен. Барлық дерек бойынша Қазақстан Республикасы ҚК-нің 190-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіледі.
586 рет оқылды