10 қаз, 2023 сағат 16:44

Президент Қызылорда облысындағы маңызды нысандардың жобасымен танысты


Мемлекет басшысы Қызылорда облысындағы маңызды нысандардың жобасымен танысты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа «Қорқыт ата» әуежайының жаңа жолаушылар терминалының құрылысы жөнінде баяндалды.

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев жаңа терминал жеке демеушінің қаражатына салынып, кейін мемлекет меншігіне өткізілетінін айтты. Жоба құны – 20 миллиард теңге. Оның ішінде 15,7 миллиард теңге – демеушінің әуежай құрылысы үшін бөлген қаржысы. Сондай-ақ жергілікті бюджеттен әуежайдың сыртқы инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымын жүргізу үшін 4,3 миллиард теңге қаржы бөлінген.


Халықаралық стандартқа сай болатын әуежайда жолаушыларға қызмет көрсету үшін барлық жағдай жасалады. Жаңа терминал келесі жылы пайдалануға беріледі. Нысан қолданысқа берілгеннен кейін жолаушылар тасымалы бір сағатта 250 жолаушыға қызмет көрсете алады. Сондай-ақ түрлі бағыттарға ұшатын әуе рейстерінің саны артады.

Бұдан бөлек, облыс әкімі Қызылорда қаласында заманауи үлгіде салынып жатқан автобекеттің биыл жыл соңында іске қосылатынын және қаланың теміржол вокзалына да күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқанын жеткізді.


Мемлекет басшысына «Қызылорда – Жезқазған» автожолын салу барысы туралы мәлімет берілді. Бүгінде Қызылорда облысының аумағына тиесілі 216 шақырым жолдың 104 шақырымы жасалды.

Сонымен қатар Президентке «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық дәлізінің Қызылорда қаласынан Ақтөбе облысының шекарасына дейінгі аралығын (566 км) І санаттағы 4 жолақты жолға ауыстыру жоспарланып отырғаны туралы мәлімет берілді.

Осы ретте аталған бағыттағы жұмыстардың жобалық-сметалық құжаттамаларын әзірлеу келесі жылдан басталады.

Мемлекет басшысы қазіргі жол, шын мәнінде, өте тар екенін атап өтіп, оны кеңейту жұмыстарын тезірек бастау қажеттігіне назар аударды. Бұл ретте Президент Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Склярға мәселені бақылауға алу жөнінде тапсырма берді.


Сонымен қатар Президентке Қызылорда қаласының жаңа жылу электр орталығының жобасы таныстырылды.

Былтыр Энергетика министрлігі түркиялық «Aksa Enerji Uretim AS» компаниясымен Қызылорда қаласында жаңа бу-газ қондырғысын орнату жөнінде келісімшартқа қол қойды. Шетелдік инвестиция есебінен салынып жатқан жаңа ЖЭО 240МВт электр қуатын және сағатына 277 жылу қуатын өндіре алады. Жобаның болжамды құны – 215 миллиард теңге.

Облыс әкімінің айтуынша, қазір құрылысқа дайындық жұмыстары қызу жүріп жатыр. 2025 жылдың соңына дейін пайдалануға берілетін ЖЭО қаланың жылу және электр қажеттілігін толық қамтамасыз етіп қана қоймай, артылған электр энергиясын басқа өңірлерге сатуға мүмкіндік береді. 


Қазіргі қолданыстағы жылу электр орталығы 1964 жылы салынған. Бірнеше рет күрделі жөндеу жүргізілгеніне қарамастан, стратегиялық нысанның негізгі және қосалқы қондырғыларының тозу деңгейі 90 пайызға жеткен. Сондай-ақ қаладағы ұзындығы 207,7 шақырым болатын жылу желісінің жартысына жуығы жаңартуды қажет етеді.

Мемлекет басшысы еліміздің энергетикалық қауіпсіздігін күшейту тұрғысынан бұл жобаның маңызды екенін атап өтіп, Үкімет пен облыс әкімдігіне жылу электр орталығын белгіленген мерзімде пайдалануға беруді тапсырды.

Бұған қоса, Президентке Қызылорда облысы әкімінің орынбасары, Қазақстан Республикасы Президентінің «Байқоңыр» кешеніндегі арнаулы өкілі Қайрат Нұртай космодром қалашығындағы ахуал туралы баяндады. Қасым-Жомарт Тоқаев қаланы әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан дамыту үшін Ресей тарапымен тығыз  қарым-қатынаста жұмыс істеу қажет екеніне назар аударды.