21 нау, 2022 сағат 20:55

«QAZAQSTAN» телеарнасында Наурыз мейрамына арналған бейнебаянның тұсауы кесілді


«QAZAQSTAN» телеарнасында Наурыз мейрамына арналған бейнебаянның тұсауы кесілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Ұлыстың ұлы күніне орай арнайы жазылған «Беу, Наурыз!» әнінің авторы - Сырым Нәбиқұлов, сөзін ақын Ерлан Жүніс жазған. Режиссері – Жансая Көпбаева. 

Бейнебаян Алматы облысының көрікті жерлері мен Іле өзенінің бойында, арнайы тұрғызылған нысанда, «Көшпенділер» фильмінің декорациясында түсірілді. 

Туындыны дәстүрлі әншілер Ардақ Балажанова, Айгүл Қосанова, Ерлан Рысқали және өткен жылы Ұлттық арна ұсынған «Qazaqstan дауысы» жобасының жеңімпазы Құралай Мейрамбек орындап шықты. «Бастау» тобы домбырамен сүйемелдеп, бейнебаянның негізгі кейіпкерлері ретінде арнаның «Aqparat», «Apta», «Таңшолпан» бағдарламасының жүргізушілері қатысты. 

Бейнебаянның негізгі идеясы ғасырлар бойғы көшпелілер тарихы мен «Жаңа Қазақстанның» ұлттық мәдениетін ұштастыру, жаңару мен жаңғырудың көрінісін бейнелеу. «Наурыз мейрамының мәні жаңару, жаңа күн дегенді білдірсе, қазақ халқы дәл қазір шынайы жаңару мен жаңғыру кезеңін өткеруде. Бейнебаянда ұлыс күнінің мән-мағынасын ашумен қоса, халқымыздың бүгінгі рухани белесін бейнелеуді, келер күнге деген айрықша үмітін көрсетуді мақсат еттік», - дейді режиссер Жансая Көпбаева.

Бейнебаянның шығармашылық топ құрамына кинооператор Еркінбек Пітірәлиев, қоюшы-суретші Нұрболат Жапақов, монтаж режиссері ретінде Нұртас Мамытпай шақырылды. 

Әннің сөзі түрік және ағылшын тіліне аударылып, бейнебаян халықаралық аудиторияға жол тартпақ.