03 қыр, 2019 сағат 04:46

Райымқұлова: Жолдау - қордаланған мәселелерді шешудің бағытын айқындаған құжат

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауы - еліміздің сан саласындағы қордаланған мәселелерді шешудің бағытын айқындаған тың бағдарламалық құжат болды. ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова осындай пікір білдірді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Президент Жолдауын мәдениет саласының қызметкерлері ерекше ықыласпен қабылдады. Қасым-Жомарт Кемелұлының мәдениет қызметкерлеріне мемлекет тарапынан салиқалы қолдау көрсету туралы тасырмасы ел руханиятының жаңа деңгейге көтерілуіне тың серпін берері анық.

Мемлекет басшысы «Біз мәдениет саласында жұмыс істейтін азаматтарға жеткілікті түрде көңіл бөлмей отырмыз. Бұл - ең алдымен, кітапхана, музей, театр қызметкерлеріне қатысты мәселе. Олардың еңбекақысы соңғы жылдары мүлде көбейген жоқ. Соның салдарынан мәдениет қызметкерлері, әсіресе жас мамандар жеңілдігі бар тұрғын үй бағдарламаларына қатыса алмайды. Мұндай ахуал осы кәсіптің беделін түсіріп, лайықты кадрлардың тапшылығы айқын сезілуде» деп атап көрсетті, деп жазды Ақтоты Райымқұлова Facebook-тегі парақшасында.

«Жолдауда айтылғандай, Президент тапсырмасымен келесі жылы Үкімет тарапынан мәдениет қызметкерлерінің еңбекақысын көтеру көзделіп отыр. Сонымен қатар, мәдениет саласының қызметкерлеріне білім беру және денсаулық сақтау салаларындағы әлеуметтік жеңілдіктер берілуі қарастырылатын болады.

Сондай-ақ, Мемлекет басшысы барлық жастағы азаматтарды бұқаралық спортқа тарту арқылы ұлт денсаулығын нығайту мәселесіне де назар аударуды тапсырды. «Спорт инфрақұрылымы балаларға барынша қолжетімді болуын қамтамасыз ету қажет. Бұқаралық дене шынықтыруды өркендету ісі жаңа чемпиондар шығатын пирамидаға айналуы тиіс. Бұл салауатты әрі белсенді жастардың, түптеп келгенде, қуатты ұлттың негізін қалыптастырады. Осы бағдарды заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету, бұқаралық спортты дамытудың Кешенді жоспарын қабылдау қажет. 2020 жыл Волонтёр жылы деп жарияланды. Еріктілер қызметіне азаматтардың, әсіресе жастардың, студенттер мен оқушылардың қатысу аясын кеңейту, олардың бойында белсенді өмірлік ұстаным дағдысын қалыптастыру - өзекті міндет. Бұл - азаматтық қоғамды нығайту жөніндегі жұмысымыздың маңызды құрамдас бөлігі» деп атап көрсетті Қ. Тоқаев.

Жолдауда экономиканың маңызды саласы ретінде туризмнің, әсіресе эко және этнотуризмнің дамуына баса назар аудару керек екенін атап өтті. Туризмді дамыту үшін қажетті инфрақұрылымдарды жүргізуді, соның ішінде жол салу, білікті мамандарды дайындауды қамтамасыз ету қажеттігі баса айтылды.

Келесі жылы әл-Фараби мен Абай Құнанбаев тәрізді ұлы тұлғалардың мерейтойларын атап өту жоспарланып отыр. Оған дайындық жұмыстарының басталып кеткенін білесіздер. Мемлекет басшысы тойлаған кезде ысырапқа жол бермей, ғұламалардың еңбектерін халыққа кеңінен таратуға шақырды. Сондай-ақ, Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігінің 30 жылдығы жақындап қалды. Президент еліміздің жас ұрпағының бойында патриотизмді қалыптастыруда мәні зор мерекеге лайықты дайындалудың маңызы зор екенін атап өтті.

Мемлекет басшысы Жолдауда атап өткеніндей, еліміз реформалаудың жаңа кезеңіне аяқ басты. Алдымызда қызықты және жауапты істер көп, достар. Еліміздің Президенті Жолдауда айтқан тапсырмаларды жүзеге асырып, сапалы нәтижеге жұмыс істейміз»,-деп атап өткен Мәдениет және спорт министрі.