13 қыр, 2022 сағат 15:45

Ресей соты Каримованың Мәскеудегі алты пәтерін тәркілеу жөнінде шешім шығарды



Ресей соты Өзбекстанның бірінші президенті Ислам Каримовтың үлкен қызы Гүлнараның Мәскеудегі алты пәтерін тәркілеу жөнінде шешім шығарды. Бұл жөнінде ТАСС хабарлайды, деп жазады Азаттық.

Өзбекстанның әділет министрінің орынбасары Музраф Икрамов сот шешіміне қатысты пікір білдіріп, жылжымайтын мүліктер сатуға шығарылатынын, одан түскен қаражатты Ташкент пен Мәскеу теңдей бөліп алатынын жеткізді.

2020 жылы Өзбекстанның әділет министрлігі бас прокуратурамен бірлесіп, Каримованың жалпы құны 1,3 млрд доллар болатын "қылмыспен келген активтерін" тәркілеуге күш салғанын мәлімдеген. Мекеме мәліметінше, экс-президенттің қызының Ресей есеп-шоттарында 6 млн доллар бар. Сонымен бірге "Камелот" тұрғын үй кешенінде пентхаусы, Мәскеудегі элиталы "Рублевка" ауданында зәулім үйі мен сегіз пәтері, қонақ үйлер, Ялтада 2 млн долларға бағаланатын жер учаскелері мен үйлері бар.

Осыған дейін Гүлнара Каримованың Швейцарияда тәркіленген активтерін Өзбекстанға қайтару үшін БҰҰ жанынан көптарапты сенім қоры құрылған. Оған сәйкес қайтарылған қаржы Өзбекстанның әлеуметтік, білім беру және денсаулық саласына жұмсалуы тиіс.

Қазір Швейцария банкінен 131 млн долларды қайтару процесі жүріп жатыр.

2013 жылы Гүлнара Каримоваға қатысты Өзбекстанда "үкімет қаржысын талан-таражға салу" және "салықтан жалтару" баптары бойынша екі бірдей қылмыстық іс қозғалған. 2015 жылы бірінші іс бойынша бес жылға, 2017 жылы екінші іс бойынша 10 жылға еркіндігі шектелген. Кейін жалпы жаза бес жыл боп өзгертілген.

2020 жылдың наурыз айында Ташкент қалалық соты оған "қылмыстық топ құрды, көлеңкелі ақшаны заңдастырды, бопсалады" деген қосымша айыптар тағып, 13 жыл, 4 ай мерзімге бас бостандығынан айырды. Гүлнара Каримова 2019 жылдың көктемінен бастап жазасын Ташкент облысы Зеңгі ата ауданындағы №21 әйелдер абақтысында өтеп жатыр.

Өзбекстанда Гүлнара Каримоваға қарсы қылмыстық іс АҚШ пен Еуропаның бірқатар елдерінде коррупцияға қатысты ірі компания жетекшілеріне қарсы тергеу басталғаннан кейін қозғалған. Тергеу мәліметінше, Каримова МТС, "Вымпелком", ING және Telia Soner секілді ірі шетелдік компанияларды Өзбекстан нарығына кіргізу үшін компания жетекшілерінен 1 млрд доллар көлемінде пара алған.