11 жел, 2023 сағат 11:14

Риддердегі жылу орталығында апат болды деген ақпарат жалған

© Photo: Үкімет басшысының баспасөз қызметі

Шығыс Қазақстан облысы Риддер қаласындағы жылу орталығында апат болды деген ақпарат жалған. Бұл туралы жергілікті әкімдік мәлімдеді, - деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Әкімдік мәліметінше, жылу электр орталығында жылу өшірілген жоқ, сондай-ақ қазандық қондырғылары тоқтамаған. Станция штаттық режимде жұмыс істеп тұр. Жылу және ыстық сумен жабдықтау үзіліссіз жүзеге асып жатыр.

"10 желтоқсанда қысқа тұйықталу салдарынан қазандыққа көмір отынын жеткізетін құрылғы электр қуатынынан ажыраған. Жөндеу жұмыстарының арқасында №2 қазандық агрегаты іске қосылды, ол уақытша көмір отынынан мазутқа ауыстырылды, бұл – әдеттегі жұмыс процесі", - дейді әкімдік.

Ведомствоның айтуынша, ЖЭО-да жедел іске қосылған автоматиканың арқасында 2 сағаттан кейін қазандық көмір отынына ауыстырылды.

"Ақауларды жою кезінде Риддер қаласы тұрғындарының пәтерлері мен үйлеріндегі температура +20С-тан төмен түскен жоқ, бұл бекітілген нормативтерге сәйкес келеді. Қазіргі уақытта Риддер ЖЭО штатты режимде жұмысын жалғастырып жатыр. 4 қазандық агрегаты жұмыс істейді, ал екеуі резервте. Моноқаланы жылумен және ыстық сумен қамтамасыз ету бақылауда және үздіксіз жүзеге асырылады", - деп мәлімдеді Риддер қаласының әкімдігі.

Тараған жалған ақпарат үшін қала әкімі халықтан кешірім сұрады.

"Құрметті қала тұрғындары, әкімдік берген қате ақпарат үшін шын жүректен кешірім сұраймын. Сонымен қатар Риддер әкімдігі ақпаратты бүркемесіз ашық жариялайды және жұртшылыққа ақпарат қолжетімді болады", - деді Риддер қаласының әкімі Дәулет Батырбаев.