10 қаз, 2023 сағат 12:12

Щучьедегі студент өлімі: қосымша екі қылмыстық іс қозғалды

Фото: Pixabay

Мемлекет басшысының Ақмола облысы Щучинск қаласының 19 жастағы тұрғынының өлімін жан-жақты тергеу бойынша берілген тапсырмасымен ІІМ орталық аппараты мен облыстық полиция департаменті қызметкерлерінің қатарынан арнайы жедел-тергеу тобы құрылып, оқиға орнына шықты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ІІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

"Қосымша ҚР ҚК-нің 105-бабы бойынша (Өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу), сондай-ақ қаза тапқан адамның туыстарының одан ақша бопсаланды деген арызымен ҚР ҚК-нің 194-бабы 2-бөлігі бойынша қылмыстық істер қозғалды. 

Болған оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр.

Алдын ала тергеу нәтижелері бойынша құқықтық баға берілетін болады. Тергеу барысы Ішкі істер министрлігінің ерекше бақылауында" - делінген хабарламада.

Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 201-бабына сәйкес тергеу мүддесінде өзге де ақпарат жария етілуге жатпайды.