07 қаз, 2020 сағат 07:35

Шетелдік 123 жолаушы елорда ауруханасына жатқызылып, екеуі депортацияланды

Бүгін Нұр-Сұлтан әуежайына бортында 521 жолаушысы мен 48 экипаж мүшесі бар Scat, Веlavia және Air Astana әуе компаниясының ұшақтары келіп қонды.

Олар Шарм-эль-шейхтен (чартерлік), Минск, Дубай Және Ыстанбұл қалаларынан ұшқан, деп хабарлайды ҚазАқпарат әуежайдың баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

123 жолаушының коронавирусқа ПТР тесті болмағадықтан, олар ауруханаға жатқызылды. Түркиядан және Беларусьтан келген екі жолаушы депортацияланды. Жолаушыларда жоғары дене қызуы болмаған. ПТР тест тапсырғаннан кейін жолаушылар үйлеріне жіберіледі. Егер тест оң нәтиже көрсеткен жағдайда, инфекциялық ауруханаға жатқызылады. 

Еске сала кетейік, ҚР Бас санитарлық дәрігері Ерлан Қиясовтың мемлекеттік шекарадағы өткізу пунктерінде коронавирус инфекциясының алдын алу шараларын одан әрі күшейту туралы жаңа қаулысы 6 қазанда сағат 00:00-де күшіне енді. 

Жаңа ережелерге сәйкес бірқатар шектеулер қолданылады.

Қазақстанға шетелден келген ұшақ жолаушыларының барлығы термометриядан өтіп, сауалнамаға жауап береді және COVID-19-ға қарсы ПТР-тестінің оң нәтижесі туралы анықтаманы ұсынуы тиіс. Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасынан өту кезінде 72 сағаттан аспаған анықтама ғана жарамды. 

Сондай-ақ Қазақстан азаматтығы жоқ адамдарда анықтама болмаған жағдайда олардың елге кіруіне тыйым салынады. Қолында анықтамасы бар және дене қызуы қалыпты жолаушыларға COVID белгілері түсіндіріліп, сапарды жалғастыруына рұқсат етіледі. 

Дене қызуы жоғарылаған жолаушылар қолында анықтамасының болуына қарамастан, карантиндік стационарға екі күнге жатқызылып, зертханалық тексеру жүргізу үшін оқшауланады. 

COVID-19 зертханалық зерттеу нәтижесін алғаннан кейін тесттің оң нәтижесі бар адамдар жұқпалы аурулар ауруханасына ауыстырылады. Елге келген Қазақстан азаматтарының қолында анықтама болмаса, 2 күн бойы карантиндік стационарда оқшауланады.