14 қыр, 2022 сағат 11:16

Шетелдік компаниялар 6 миллиард теңгеден аса "Google салығын" төледі

Фото ©РИА Новости

Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті шетелдік компаниялар төлеген "Google салығы" туралы мәлімет жариялады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.

Жыл басынан бері Apple, Meta, Google, Ebay, Amazon және басқа да көптеген әлемдік компанияны қосқанда 37 шетелдік компания шартты тіркеу рәсімінен өтті. 2022 жылдың басынан бері бұл компаниялар 6,1 миллиард теңге көлемінде салық төлеген.

"Салықтың ең көп сомасын Ирландия резиденттері саналатын Meta Platforms Ireland Limited (1,6 миллиард теңге) және Apple Distribution International Limited (1,1 миллиард теңге) компаниялары, сондай-ақ АҚШ резиденті саналатын "iHerb" ЖШҚ (1,4 миллиард теңге) компаниясы төледі", - деді МКК өкілдері.

"Google салығын" төлейтін компаниялардың толық тізімі МКК сайтында көрсетілген.

Еске салайық, 2022 жылдан бастап Желіде қызмет көрсететін шетелдік компаниялар, сондай-ақ интернет арқылы жеке тұлғаларға тауар сататын шетелдік сауда алаңдары (маркетплейстер) Қазақстанда ҚҚС ("Google салық") төлеуі тиіс.