01 шіл, 2022 сағат 13:35

Шымкент әкімі LRT және BRT құрылысына қатысты пікірін бөлісті

Sputnik / Владислав Воднев

Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов LRT және BRT салу жайлы пікірін бөлісіп, қаланың бас жоспарындағы өзгерістер туралы айтты, деп хабарлады Sputnik Қазақстан.

Әйтеновтің айтуынша, бас жоспар жаңадан құрылмайды, оған өзгерістер енгізіледі. Өйткені бас жоспар 2012 жылы бекітілген. Содан бері Шымкент облыс орталығынан республикалық маңызы бар қалаға айналған.

Шаһар басшысы бас жоспарға LRT және BRT салу енгізілгенін, бірақ жобаның жүзеге асу-аспауы әлі белгісіз екенін айтты.

"Биыл жоспарға халықтың өсу динамикасын ескере отырып, өзгерістер енгізілуде. Біз қала тұрғындары өз ұсыныстарын енгізуі үшін бір ай уақыт бердік. Басқа мемлекеттерде LRT, BRT қосылғанын өзіңіз көріп жүрсіздер. Сарапшылардың пікірінше, тұрғындар саны миллионға жуықтайтын қалаға балама көлік түрі қажет. Өйткені халық санының өсу динамикасы байқалады. Қазір LRT және BRT сызбалары дайындалуда. Алдағы уақытта бұл қалай қосылатыны туралы мәселені үкіметпен талқылаймыз. Дегенмен біз LRT енгізу үшін инвесторларды тарту мүмкіндігін қарастырамыз", - деді Мұрат Әйтенов.

Әкім LRT құрылысының жоспары әзірге нақты емес екенін, мұның бәрі сызбалар әзірленгеннен кейін шешілетінін жеткізді. Айтуынша, барлығы қала бюджетіне және инвесторлардың ұсыныстарына байланысты.