16 қаң, 2025 сағат 13:34

Шымкентте алаяқтар баспанасыз тұрғындардың атына несие рәсімдеген

Фото: polisia.kz

Шымкентте алаяқтар баспанасы жоқ адамдардың атынан 22 миллион теңге көлемінде несие рәсімдеген, деп хабарлайды Ult.kz.

Олар жәбірленушілерді кәсіпкер ретінде көрсетіп, олардың атына ірі көлемдегі қаржыны заңсыз алған.

Қалалық полиция департаменті алаяқтыққа қатысты қылмыстық істі тергеу барысында коммерциялық ұйым қызметкерлерінің өз міндеттерін адал атқармағанын анықтап, ҚР ҚК 254-бабы бойынша іс қозғады.

Тергеу мәліметтеріне сәйкес, 2021 жылы 22,8 миллион теңге сомасындағы алаяқтық әрекет тіркелген. Алайда жалған кәсіпкерлік пен заңды тұлғаларды тексеру және олардың есепшоттарын бұғаттау бойынша тиісті шаралар қабылданбаған.

«Бұл құқық бұзушылық қылмыстық топтың жәбірленушілердің қаражатын иемденуіне мүмкіндік берген. Күдіктілер баспанасы жоқ азаматтардың атынан жалған кәсіпкерліктер құрып, алаяқтық схемаларын жүзеге асырған. Қылмыстық іс қала прокуратурасының бақылауында», – деп хабарлады Шымкент қаласының прокуратурасы.