27 қаз, 2023 сағат 22:44

Шымкентте тұтас бір отбасы ыстан уланып мерт болды

Фото: otyrar.kz

Шымкентте тұтас отбасы ыстан уланып мерт болды. 39 жастағы ерлі-зайыпты және олардың үш баласы өз үйінде өлі күйінде табылған. Олардың өліміне газбен жылытылатын пештегі ақау себеп болыпты, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" КТК телеарнасына сілтеме жасап.

"Біз тексергенде түтін шығатын тесік жоқ еді. Газ құбырдағы жылыту қазанының үстіндегі мұржасы жоқ", - дейді "ҚазТрансГаз Аймақ" АҚ Шымкент филиалы апаттық-диспетчер қызметінің басшысы Бауыржан Байтөреев.

Сегіз жылдан бері осы үйде тұрып жатқан оларға газ былтыр тартылған. Ал қазандықты қашан қойғанын мамандар анықтап жатыр.

Отбасы кеше ғана бұл үйде қыздардың бірінің туған күнін тойлаған. "Сонан соң түні бойы жылу қосылып, оның улы түтіні баспананы басқан" деген болжам айтылып жатыр. Белгілісі, таңертең қыздардың бірі полицияға телефон шалып, уланғанын айтып үлгеріпті. Бірақ құтқарушылар келгенде, отбасындағы ері мен әйелі және 16, 15, сондай-ақ 11 жастағы балалары көз жұмғаны анықталған.

Отағасы - электрик, ал келіншегі - мейірбике. Көршілері марқұмдарды жақсы адамдар еді деп, көңіл айтып жатыр.