23 мам, 2022 сағат 15:12

Шымкенттегі жарылыс: жансақтау бөлімінде жатқан әйелдің жағдайы ауыр

© AP Photo / Kyle Green

Шымкенттегі жарылыстан қатты жарақат алған санитар әйелдердің біреуі салалық бөлімге ауыстырылды. Ал екіншісі әлі жансақтау бөлімінде жатыр, оның жағдайы ауыр, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Облыстық клиникалық аурухана бас дәрігерінің орынбасары Шыңғыс Сейілбековтың айтуынша, жарылыс болған күні төрт адам жеткізілген.

"Облыстық клиникалық аурухананың жансақтау бөлімінде бір пациент қана болған. Қазіргі кезде оны салалық бөлімге ауыстырды. Стационарда ем қабылдап жүр. Жалпы, барлық адамдардың жағдайы тұрақты. Қазіргі кезде төрт әйел ем-дом алып жатыр", - деді Сейілбеков.

Оның айтуынша, жарылыс кезінде зардап шеккен басқа адамдар қалалық ауруханаларға апарған. Sputnik Қазақстан Шымкент қаласының денсаулық сақтау басқармасына хабарласып, олардың жағдайын да білді.

"Бізде қазір қалалық ауруханаларда төрт адам жатыр. Біреуі нейрохирургияда, біреуі жансақтау бөлімінде, біреуі жарақат бөлімінде, тағы бір адам хирургияда жатыр. Жансақтау бөлімінде жатқан адамның жағдайы ауыр, тұрақты. Қалғандардың жағдайы орташа жақсы", - деді басқарманың баспасөз хатшысы Лаура Нақыпқызы.

Айта кетері, кешегі брифингте облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Пашимов жансақтау бөлімінде екі адамның жатқанын айтқан.

Екеуі де перинаталдық орталықтың қызметкері, санитар әйелдер. Жарылыс кезінде зардап шеккендердің басым бөлігі – медицина қызметкерлері.

Атап айтқанда, төртеуі кіші буын қызметкерлері болса, біреуі – медбике. Бұдан бөлек, тағы екі жұмысшы бар.

Шымкенттегі дәріханада болған жарылыстан үш адам қайтыс болды. Күзетішінің мәйіті үйінділердің арасынан табылса, күрделі жөндеу жасаған бір жұмысшы ауруханада көз жұмды. Сол кезде перзентханада жатқан нәресте де қайтыс болды.