15 мау, 2021 сағат 19:24

Тағы бір қазақстандық вакцина клиникалық сынақтан өте бастады



15 маусымда Тараз қаласындағы көпбейінді қалалық ауруханада 18-50 жас аралығындағы еріктілердің қатысуымен БҚПҒЗИ ғалымдары әзірлеген QazCoVac-P суббірлікті вакцинасының клиникалық зерттеулерінің 1 фазасы басталды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат". 


Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің «Биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ғылыми-зерттеу институты» ШЖҚ РМК COVID-19-дың алдын алуға арналған жаңа вакциналық препарат – SARS-CoV-2 коронавирусының жасанды синтезделген ақуыздары негізінде QazCoVac-P суббірлікті вакцинасының клиникалық зерттеулерінің I және II фазасын жүргізуге ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің рұқсатын алды. 


Молекулалық биологияның заманауи технологияларын қолданудың арқасында, әзірлеушілер, SARS-CoV-2 коронавирусының иммундық жүйемен танылатын RBD және N ақуыздарын өндіретін бактериялардың штамдарын ала алды. 


Вакцинаның қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін алынған ақуыздарды күрделі тазартудың барлық кезеңдері жүргізілді және сапа бақылауы өткізілді. Олардың құрамында тұтас вирус жоқ.


Атаулы вакцина, ҚР ДСМ мамандандырылған кәсіпорнында клиникаға дейінгі сынақтардан сәтті өткен және өзінің қауіпсіздігін көрсеткен БҚПҒЗИ-ының екінші вакцинасы болып табылады. Вакцина, екінші дозаны бұлшықет ішіне енгізгеннен кейінгі 14-ші тәулікте егілген зертханалық жануарлардың ағзасында иммунитетті дамытуға себепші болады.


Суббірлікті вакцина вакциналардың басқа түрлеріне қарағанда едәуір қауіпсіз, өйткені құрамында вирус жоқ және ақуыз түріндегі нақты компоненттері репликацияланбайды. Вакцинаның құрамындағы адъювант иммундық жауаптың пайда болуына себепші болады және вакцинацияланушының ағзасына теріс әсер етпейді. Вакцинаның бұл түрінің мысалдары ретінде тұмауға, В гепатитіне, пневмококқа, менингококкқа, гемофильді инфекцияларға және т.б. қарсы вакциналарды алуға болады.


Клиникалық зерттеулердің сәтті өтуі суббірлікті вакцина көмегімен вакцинацияланғандардың контингентін кеңейтуге және елімізде коронавирусқа қарсы ұжымдық иммунитеттің қалыптасуын тездетуге мүмкіндік береді.