02 жел, 2023 сағат 11:11

Танымал актер Асқар Наймантаев дүниеден озды

Фото: актердің facebook парақшасынан

Белгілі сатирик, актер әрі режиссер Асқар Наймантаев дүниеден озды, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Өнер иесі осыдан бес күн бұрын ғана әлеуметтік желідегі парақшасында ауруханада жатқан суреттерін бөліскен болатын. 

Асқар Әбдіғалымұлы 1965 жылы, 17 маусымда Алматы облысы, Нарынқол ауылында дүниеге келген.

Актер «Тамаша» ойын-сауық отауы арқылы көпшілікке танымал. Сондай-ақ ол «Терісқақпай», «Аққу-Гәкку» комедиялық театрларын ашып, кино және театр сахнасында бірқатар рөлімен есте қалды.

Асқар Наймантаев - «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағының иегері. Ол "Домашние войны", "Бастық боламын", "ОрыStar в Шымкенте", "Детектив әже", "Туысқандар", "Бұйымтай", "Өсекшілер", "Внуки в ауле" комедиялық сериалдарында, Сатыбалды Нарымбетовтың "Аманат", Бақытас Санитастың "Тезек" фильмдерінде ойнады.

Бірнеше пьеса, киносценарий, тележоба мен аударманың авторы. 2018 жылы студенттерге арналған “Конферансье - актер және көркемсөз шебері” кітабы мен “Алтын тордан шыққан ән” атты жинағы жарық көрді. 

2020 жылы Алматы облысы Райымбек және Ұйғыр аудандарында "Хантәңірі" және "Қарадала" театрларын ашты.

Ұлт порталының ұжымы қазақ жұртына қадірлі болған азаматтың мезгілсіз дүниеден озуына байланысты оның отбасы мен туған-туыстарына қайғырып көңіл айтады.

Марқұмның жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын! Жаратқан рахымына бөлеп, артында қалған ұрпағына ұзақ ғұмыр берсін!