04 мам, 2022 сағат 12:39

Таяу болашақта көптеген кен орны сарқылуы мүмкін – министрлік

© Sputnik / Павел Лисицын

Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев таяу болашақта көптеген кен орны сарқылуы мүмкін екенін айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Министр пайдалы қазбалардың көптеген түрінің расталған қоры бойынша Қазақстан әлемнің жетекші елдерінің алғашқы ондығына кіретінін атап өтті.

"Бұл ретте пайдалы қазбаларды қарқынды өндіруге байланысты геология саласының алдында тұрған басты сын-қатері – қорлардың толықтыру деңгейінің төмендігі. Өндірудің қазіргі деңгейін алатын болсақ, тиісті толықтырусыз көптеген игерілетін кен орнының қорлары таяу болашақта таусылады", - деді Брекешев Үкімет отырысында.

Мәселен, 2025-2040 жылдарға қарай Шығыс Қазақстанда қала құраушы және өңір экономикасына әсер ететін Орлов, Малеев, Тишин, Риддер-Сокольное сияқты ірі кен орындары таусылады деген болжам бар. Осыған байланысты жер қойнауын мемлекеттік геологиялық зерттеуді жандандыру талап етіледі.

Министрдің айтуынша, 2020-2022 жылдары мемлекеттен құйылған қаржы көлемі 30 миллиард теңгені құраған. Соңғы жылдары мемлекеттік инвестициялардың ұлғайғаны байқалуда.

Бірақ Қазақстанда бір шаршы шақырымға геологиялық барлауға салынатын мемлекеттік инвестиция төмен. Ол небәрі 11 доллар. Ал мәселен Австралияда – 167 доллар, Канадада – 203 доллар.

Брекешев геологиялық зерттеуді арттыру және перспективалы учаскелерді анықтау қажет екенін атап өтті. Сонымен қатар өндірістік-технологиялық процестерді цифрландыру және автоматтандыру керек.

Геологиялық зерттеудің инвестициялық тартымдылығын арттыру, минералдық-шикізат базасын молайту үшін заңнаманы жетілдіру талап етіледі.

Экология министрлігі геология саласын дамытудың 2025 жылға дейінгі тұжырымдамасының жобасын әзірлеген. Құжатта осы мәселелердің шешімі көрініс тапты.