03 мам, 2022 сағат 13:04

Темір жол билеттері қымбаттамайды – ҚТЖ басшысы


Елімізде жолаушылар пойызына арналған билет бағасы қымбаттамайды. Бұл туралы бүгін «Қазақстан Темір жолы» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Сауранбаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Билет бағасы қымбаттамайды. Негізінен экспорттық жүкке баға көтеріледі. Өздеріңізге де белгілі, жолаушылар тасымалы – мемлекеттің әлеуметтік қызметі. Жыл сайын мемлекет шамамен 30 млн теңге субсидия береді. Мұның үстіне, «Қазақстан темір жолы» азаматтарымыз арзан билет сатып алып, сапар жасау үшін өз қаражаты есебінен қосымша 90 млрд теңге субсидиялайды», - деді Нұрлан Сауранбаев. 

Айта кетейік, өткен жылдың наурызынан бастап елімізде теміржол билеттері қымбаттаған болатын. 

«Әлеуметтік маңызы бар қатынастар бойынша жолаушылар тасымалын жүзеге асырумен байланысты тасымалдаушының шығыстарын ұзақ мерзімді субсидиялауға арналған шарттарға сәйкес, 2021 жылдың 1 наурызынан бастап облысаралық және қала маңындағы қатынастардағы барлық әлеуметтік маңызы бар бағыттарға теміржол билеттерінің құны 7 пайызға артады», - деп хабарлаған еді «Жолаушылар тасымалы» АҚ.