01 шіл, 2022 сағат 13:28

Тілеуберді: 30 жыл ішінде сыртқы саяси ведомство кәсіби кадрлық аппарат қалыптастырды


Соңғы 30 жыл ішінде сыртқы саяси ведомство кәсіби кадрлық аппаратты қалыптастырды. Бұл туралы «Халықаралық қатынастардың қазіргі заманғы жүйесіндегі Қазақстан Республикасы» атты халықаралық конференция барысында ҚР Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Сыртқы қатынастар органдары қызметінің ұйымдық-құқықтық негіздерін жасау бойынша маңызды жұмыс атқарылды – министрліктің міндеттері мен функцияларын айқындаған «Дипломатиялық қызметі туралы» заң әзірленіп, СІМ-нің Алматыдағы өкілдігінің құқықтық мәртебесі бекітілді. Соңғы 30 жыл ішінде сыртқы саяси ведомство кәсіби кадрлық аппаратты қалыптастырды», - деді министр. 

Оның атап өтуінше, министрлік кадрлық саясатта гендерлік теңгерім және тең мүмкіндіктер орнату бойынша тұрақты жұмыс істеп жатыр. 

«Отандық дипломатиялық қызметтің қалыптасуына әйел әріптестеріміз де атсалысып, орталық аппаратта жоғары лауазымдарға тағайындалып, шет елдердегі дипломатиялық миссияларды басқарады. Қазіргі уақытта министрліктің орталық аппаратында 137 әйел жұмыс істейді. Бұл қызметкерлердің жалпы санының 32 пайызын құрайды. Дипломатиялық қызметтегі әйелдердің үлесін мойындап, биыл Біріккен Ұлттар Ұйымы 24 маусымды «Дипломатиядағы әйелдер халықаралық күні» деп жариялағанын ерекше атап өткім келеді», - деді Мұхтар Тілеуберді.